- Негізгі бет
- Шығарма
- Мамандығым — машақатым...
Мамандығым — машақатым
Екі дос бір-бірін көрмегелі біраз жылдың жүзі болған еді. Бірі 9-сыныпты бітіріп басқа қалаға оқуға түсіп, білімін жетілдіруге кеткен-ді. Бүгінде әлеуметтік желіден іздеп жүрген жақындарыңды тауып алуға болады емес пе?! Көптен бері хат-хабар алыспай жүрген достар әлеуметтік желінің арқасында тілдесе алатын болды.
— Сәлем!
— Сәлем! Қалайсың?
— Жақсымын, сен ше? Таныдың ба? Кезінде бірге оқып едік қой. Сені іздеп тапқаныма қатты қуанып тұрмын.
— Жаман емес. Әрине, өзім де таңданып отырмын. Іздеп келеді деп ойламаппын, мен де өте қуаныштымын.
— Не жаңалық? Қайда оқуға түстің? Есіңде ме, екеуміз бір партада отырған кезде бір-бірімізге армандарымыз жайлы көп айтатын едік... Сен ғалым болуды қатты армандаған едің. Әдебиетке жаның құштар болатын.
— Аманшылық әйтеуір жүрмін ғой. Баяғы жартас, сол жартас. Өмірім шамалыға ғана өзгерді деуге болады. Баяғыша еркін тілдесе беруіме болатын шығар, иә?
— Әрине
— Бір өкініштісі мен өзім армандағандай өмір сүріп жатқан жоқпын. Негізі өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді екен. Мен кезінде адам ғана барлығын өзгерте алады деп ойлайтын едім. Әдебиетті қолымнан бір сәтте лақтырып тастағандаймын. Қазіргі күйім кімнің қалауымен болып жатқанын өзім де түсінбей жүрмін. «Метталургия» мамандығында оқып жатырмын. Отбасым тегіс аман. Үй ішім техника саласына барасың деп шешім қабылдаған болатын, «заман талабы» деген еді. Бір жағынан қай ата-ана өз баласының жаман болғанын қалар дейсің. Олар не айтса да жақсы болсын деп айтады ғой. Мен де аяғымды шалыс басып арманымнан қол үзем деп шешіп, машақаты мол мамандықта оқып жатырмын. Қарным тоқ болғанмен, көңілім тоқ емес. Өзің білесің ғой достым, менің қалай әдебиетке құштар болғанымды.
— Өкінішті-ақ... Олай жасап қажет емес еді. Жүрек қалауыңмен жүргенің абзал болады.
— Енді қайтемін, үйренісіп кетемін деп ойладым. Ақысыз бөлімде оқимын. Ақысыз болғаннан не пайда, ішкі әлемің риза болмаса...
Біраз шүйіркелесіп, түйткілді мәселелер қозғаған екеуі қызық күндерін еске алып серпіліп қалды.
Ол басқа мамандыққа еріксіз түрде түсіп «диплом алсам болды» деген мақсатын әуелден-ақ бекітіп тастаған. Қолға алған диплом сандық түбінде шаң басып жатып қалады-ау деген ойына да кіріп шықпады. Қаншама студенттер өз қалауынсыз басқа мамандықта оқып жатыр, ол өзін солардың санатына қосып та жүр. Оқытушы есеп берсе, шытырман әлемге түскендей күй де кешті. Формула, теория қанша жаттаса да өзінің сүйікті әдебиетіндей бола алмады. Оның әр күні осылай өте берді, өте берді.
Адам баласының бойында қаншама күш-жігер бар. Дүниеде өз қалауыңмен өзгенің пікірінсіз өмір сүрген қандай ғажап! Бір қателескен адамның оқиғасы енді біріне сабақ бола алары сөзсіз. Өзің жақсы көретін іспен айналыссаң оның қанша қиындығы мен қызығы болса да төзе білесің. Себебі, жаның соны қалайды. Сен таңдаған мамандықта кемел болашақ жатыр. Жан қалауыңмен жақсы көріп таңдаған мамандыққа түсіп, құмарлана соны оқығанға, өзіңді сол мамандықтың арқасында тұлға боламын деп сезінгенге не жетсін?! Адамның тағдыры жан қалауымен шешіледі. Жақсы жолда келе жатып, аяғымызды шалыс басып басқа күйге бет бұрмайық.
Кенжеғали Кәмшат
Ж. Исакаев