Туризм – қазіргі таңда тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Ол халықтың рекреациялық қажеттілігін қанағаттандырудың ең тиімді жолы болып табылады. Себебі, туризм экономикалық жағдайдың жақсаруына үлкен ықпалын тигізеді. Қазақстан Республикасында туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды. Сонымен қатар бұл өз кезегінде көліктік, инфрақұрылымдық, сауда орындары, денсаулық сақтау қызметтерін жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ұзақ мерзімді даму бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі деп жариялады.
Мен де мектепті бітіріп, келесі үлкен қадам – мамандық таңдау мәселесіне келгенде, көп ойланбай туризм мамандығына тоқталдым. Қазір мен еліміздің ең үздік университеттерінің бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алып жатырмын. Уақыт өткен сайын мамандық таңдаудан қателеспегеніме, өзіме ұнайтын салаға келіп түскеніме қуанамын. Өзім қалаған мамандық болғандықтан шығар, күн сайын пайдаға жарарлықтай жаңа нәрсе білуге ұмтылып, болашаққа зор үмітпен қараймын.
Осы орайда білімге деген құштарлығым мен талпынысымды оятып, сапалы білім мен айнымас тәрбие алуға барлық мүмкіндікті жасап жатқан Рекреациялық география және Туризм кафедрасының мұғалімдеріне айтар алғысым шексіз. Доценттер т.ғ.к. А.М. Артемьев, г.ғ.к. Ж.Н.Алиева, г.ғ.к. Қ.Ә.Искакова, г.ғ.к. З.М.Әбішева, г.ғ.к. Ш.Т.Абдреева, г.ғ.к. Ә.С. Ақтымбаева секілді өз ісінің нағыз шеберлерінен білім алып жатқанымды расында да мақтан тұтамын. Осындай ұстаздардың арқасында бүгінде кафедрамыздың жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес. 2011-2012 және 2012-2013 оқу жылдарында Рекреациялық география және Туризм кафедрасының жеңіп алған гранттар негізінде, Қазақстан жоғарғы оқу орындарының арасында алғаш болып халықаралық дәрежедегі туристік сапалы білім беру бакалавриат «5В090200 – Туризм» және магистратура «5М090200 – Туризм» мамандықтары бойынша Дүниежүзілік Туризм Ұйымының UNWTO.TedQual халықаралық сертификациясынан өтті.
Осылайша, жарқын болашаққа нық қадам баса отырып, туризм саласында үлкен жетістіктерге жетіп, оны одан әрі дамыту жолында еліміздің игілігіне қызмет ету – менің басты мақсатым. Әрине, әзірге мен тек студентпін, бірақ өз таңдауымды жасадым және адал еңбек пен сапалы білімнің арқасында армандарыма жете алатындығыма кәміл сенемін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
География және табиғатты пайдалану факультеті,
Рекреациялық география және Туризм кафедрасының
2-курс студенті Тлеулес Аида
Сурет: solareclipse.org.ru