Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: бірі – өмірлік жолдасы жары болса, екіншісі – мамандық. Мен өз мамандығымды және түсетін жоғары оқу орнымды 8-сыныпта таңдадым. Қазақстан–Британ Техникалық Университетіне түсуге үмітімді оятқан: Қазақстанда ең алғаш өткен ұлттық бірыңғай тестілеуде мүмкін 120 ұпайдың барлығын жинаған Нұржан атты бала еді. Ол Қазақстан–Британ Техникалық Университетті таңдады. Сол кезден бастап менің балаң көңілім ҚБТУ-ға ауды, Қазақстандағы ең білгіш бала таңдаған университет менің де университетім атану керек деген мақсат жадымда жаңғырды. Қазір сол бала арманым бастап келген университетте, жүрегіммен және ата-анаммен кеңесіп таңдаған сүйікті мамандығым органикалық заттардың химиялық технологиясы факультетінде оқып жатырмын.
Мамандық тандау - бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Мамандықтың саны әр алуан: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, есепші, аспаз, елші, қаржыгер, архитектор, механик, көлік жүргізуші, сазгер, сатушы, ғарышкер және т.б. Бірақ бұларды байланыстыратын маңызды факт - бұлар бәрі халық үшін қызмет атқарады. Ал халық үшін қызмет көрсету маңызды мәселе. Түркі тілдес халықтың "жеті рет өлшеп, бір рет кес" деген нақыл сөзін ұран етіп, мамандықты дұрыс таңдауымыз керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" жолдауында жаңа кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі "осы заманғы білім беру, парасатты экономиканың негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды пайдалану мамандарды дайындау сапасын көтеруге басты себеп болатын, инновациялық экономиканы дамыту",-деп көрсеткен. Қазақстан Республикасының болашағы, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметіндегі басымдықтары мен ұлттық мүдделерінің жүзеге асырылуы, халықаралық аренадағы беделінің өсуі, ұлттық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, мемлекет алдындағы жоғарғы азаматтық жауапкершілікке ие мамандарға байланысты.
Осы орайда мен мамандығыма, заманға сай жетік елші болып шығуыма және Қазақстанды шет елдерге танытуға бар күшімді саламын. «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығын бітірушілердің мына қызмет түрлерімен айналасу мүмкіндігі бар: мұнай-химиясы синтезінің технологиясы, көмірсутек шикізатын дайындау процесстері, қазып шығару және тасымалдау технологиялары, көмірсутек шикізатын өңдеудің каталитикалық процестерінің химиялық технологиясы, биологиялық белсенді заттардың химиялық технологиясы, көмірсутек шикізатын пайдаланудың химиялық технологиясы.
Бұл мамандық – өте қызықты. Себебі ол бұл әлемде жоқ жаңа затты ойлап табуға мүмкіндік береді. Және де бұл мамандықта өз ісінің білгір мамандары тапшылық тудыруда. Осы тапшылықты жою мақсатында, осы мамандықты таңдап, өзімнің кішкене де үлесімді қосқым келеді.
Мемлекетке әр мамандық қажет. Алайда оны дұрыс таңдау – бағыңның ашылғаны. Қазақ үш-ақ мамандықты біледі: қара жұмысшы, директор, бас директор. Араларындағы салаларды ойламайды да. Шын мәнінде халқыңа пайдалы азамат болуға тырысу маңызды, керісінше халқың саған пайдалы болу емес. Өз ісіңнің білгір маманы болғанға не жетсін!
Мен 18 жастамын. Арманымның оңайлықпен орындалмайтынын да сезіп, білем. Алайда мен еліміздің, біздей ел жалғасы өскелең ұрпақ үшін құрбан болған Қайрат Рысқұлбековтың мына сөзін жадымнан еш шығармаспын:
«…Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да, қойып кет, белді шеш те, кешіп өт…».
Аян Жәрдемов
Қазақстан-Британ Техникалық университетінің студенті
Сурет: tuscanycustomized.com