- Негізгі бет
- Шығарма
- Қыз сыны байқауына...
Қыз сыны байқауына таныстыру үлгілері
Жыл сайын әр мектепте қыздардың шеберлігін, өнерін, ақылы мен білімін саралау мақсатында "Қыз сыны" байқауы өтеді. Әдетте оның ең бірінші кезеңі әр қатысушы өзін таныстыруымен басталады. Айналамызда ақын таныстарымыз болмаса, осы шарты қиындық туғызып жатады. Оқырмандарымызға септігі тисін деген мақсатта осы байқауға арналған таныстыру үлгілерін ұсынамыз.
Қазақтың қызы, ибасын бойға сақтаған,
Қазақтың қызы, болмысыңменен мақтанам.
Қазақтың қызы, қасиетіңнен айналдым,
Ананың сүтін ана боп жүріп ақтаған.
Ерлігін жимас, ерке даланың елігі
Ақтауға келдім мектебім артқан сенімді,
Талай батыр мен баһадүрлердің отаны,
Қызы боламын Ақтөбе деген өңірдің.
Дәріптеп әркез дәстүрін сүйген қазақтың,
Арқанын тартқан сонау бір кезде азаптың.
Қазақтың қызы, ғаламаттардың ішінде,
Қазақтың қызы болмысы бөлек, ғажап тым.
Мін тақпағын қазақтығым жолында,
Дәлелдейтін уақыт жетті оны да,
Ұлт тағдырын ұлылыққа жетелеу,
Қазақ қызы, сенің ғана қолыңда.
Жутаева Әсел
Көрдің бе сен қазақтың шырайлысын,
Қолың жетпей арманда жылайды ішің.
Алдыңдағы қазақтың мен де қызы,
Айдындағы сәулелі бір ай мүсін.
Тарақ батпас асылы бұрымына,
Көне бермес өзгенің ырығына.
Мен Арумын! Көненің көзін көрген,
Салт-дәстүрін сақтаған тұғырына.
Өз басымды ойлайтын қыз емеспін,
Көңілдерді суытқан күз емеспін.
Арулардың басталды аламаны,
Ең нәзігі болармыз біз егестің.
Иә, сондай арумын айдан тамған,
Сәукелелі сәніммен сайран салған.
Таң қалдырып кетемін ортаңды мен,
Сіздер түгіл бабамыз қайран қалған!
Марғұлан Ақан
Ә. Жутаева