- Негізгі бет
- Шығарма
- Көк қызы монологы......
Көк қызы монологы...
Түн қабағын тас түйді. Ақ бас тауды бұлт шалған. Аспан асты көңілсіз. Көк тұман. Менің әлди ұйқымды теңізші шал тербетті. Ескіліктің есігін... Қайта айналып күзетті. Жамау ғұмыр. Жау сезім. Бал орнына у берген. Дұшпаннан да қауіпті. Дәл қазір. Жазылып жатыр. 1001-ші түсім. Күнсіз. Мұңсыз. Мұнартып барады көз ұшында. 1001-ші түнім. Күткені теңізші шалдың сол-ақ екен. Ұйқыдағы аруды алып, зеңбір көктен әрі асты. Құстары шуласып, толқыны тулады. Теңізші шал тереңнен сөз бастады:
– Махаббат – биік шыңың. Мынау соның куәсі – "Қыз мұнараң". Еее, Көк қызы, қара түнді жастанғалы балғын жүзің суалыпты. Қарттықтың тұмары... Жиырмаңда жамылған шәлің қандай әдемі?! Қираған мұнараңның қаңқасы, әне... Көктөбеге күнде сәлем бергенше, бір уақ көк теңіз құрлы болсайшы... Көгерген тау мінезің іштегі қып-қызыл өртті тұтатты. Көк терді бұрқ етер көк шайың қызыл-күрең күйге еніп, кермек дәмнен ұрттатты. Көк тамшы емес, көзің сенің шарасыздан қан төкті. Көк, қызыл жолақпен алысып жүріп, қоңыр тірлікпен бірге қалай біте қайнағаныңды өзің де байқамай қалдың. Көк бөрінің ұрпағы екенін ұмыттың. Ұрпағы екеніңді...
– Тоқтат, теңізші шал! Осы толғауың да жетеді. Бүкіл бір өміріме жетеді. Ақ таңым атты. Ақ бұлттарым ақ тауымды оятты. Арманда өлген ақ сезім... Қартаймайды. Алдамайды. Тыныш келіп, тыныш кет! Мен мәңгілік ұйқыма асықпын!
Теңізші шал елге қайтты. Кірпіктеріне мұз қатып, ақ жүзін Көк қызының қырау басты. Қалың қар іш көйлегіне етек-қол жалғап, ақ мамықтан той көйлегін тікті. Қыз сезіммен қоштасты. Намысы үшін кешті оны. Көк қызы көгерген қалпы қоңыр топырақ қойнына өтті. Бәрібір... Жүрек тірі.
Түсім емес – Өңім – Өмірім.
Ә. Жутаева