Қазақы болмыс қашанда құнды

Қазақы болмыс қашанда құнды
Фото: wallpaper.zone

Қазақы болмыс қашанда құнды. Ортаңыз орысқол болып, қазақылықтан қысылсаңыз, қатты қателескеніңіз. Болмысын жоғалтпаған адам – бақытты адам. Біздің болмысымыз – басты байлығымыз. Қазақы тәрбиеден асып түсер мектеп жоқ. Қазақ халқы тәрбиенің өзін жеке-жеке салаға бөліп қойғандай. Кішкентай баланың қағидасынан бастап, ақсақалдың да өзіндік атқарар міндеттері бар. Үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, кішіпейіл болу, иба мен инабат, ар мен намыс – тәрбиеміздің басты қаруы.

Әлем халықтары мәдениет деген сөздің парқына енді-енді ғана жетіп жүр. Себебі, мәдениет бұрын дұрыс сөйлеу, дұрыс тамақтану сынды дүниелермен ғана шектеліп келді. Қазіргі кезде оның аясы кең. Қазақ халқының кез-келген нақыл сөзінің, мақалының өзі тұнып тұрған мәдениет. Күнделікті өмірде, қоғамдық орындарда қазақы болмыс бізден бірте-бірте алыстап бара жатқанын оңай аңғаруға болады. Үлкенге құрмет көрсетіп, орын берудің өзін сирек көреміз. Кішкентайлардың үлкендермен салғыласып жатқанын да байқап қалатын кездер болады. Мұндай жағдайлар орыс халықтарына, шетел азаматтарына жарасуы мүмкін. Өйткені, олардың тәрбиесі бөлек, тәлімі басқа. Қазаққа қанмен келген қасиет – қарапайымдылық. Одан асып әріге кету – әбестік. Өзіміз өзгерген түр танытқанмен, көзіміз мінезімізден сыр шертіп тұрады. Сол үшін де, қыз бала барынша ұяң, нәзік болу керек болса, ер-азаматтарымыз айбынды, намысқой болуы шарт.

Біздің болмыстың сақталуына кедергі – еліктеушілік. Жаттың жерінде қанша жүйрік болсаң да, олардың жабағысы – арғымақ. Қанша жерден басқа елдің болмысына сүйсінсеңіз де, өзіңіздің қалыптасқан қағидаңыз көрініс беріп қоя береді. Сондықтан өз болмысымыздың қасиетін сезіне білейік. Ақ жаулықты анамыздан жылылық кетпеген, ақ сақалды атамыздан ұлылық кетпеген ұлы елдің ұрпағы болған біздің де бағымыз бес елі. Түбіміз – түркі, мінезіміз – жылқы, тұлғасы ерек, тумысы бөлек қазақ деген ұлттың болашағы болғанымыз үшін бақыттымыз. Ұлттық болмыс пен ұлттық рухты бойға сіңіріп өскен өскелең ұрпақтың келешегі де керемет болады. Күні бүгінге дейін кең-байтақ жерде көсіліп өмір сүруіміз – кеңпейіл болмысымыздың көрінісі. Болмыстан ажырамайық, ендеше!

Ә. Жутаева