- Негізгі бет
- Шығарма
- «Жігіттер, ойын –...
«Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» өлеңінде сипатталған мінез-құлықтар (эссе)
Эссе тақырыбы: Бүгінгі күн жігіттерінің бойында Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» өлеңінде сипатталған мінез-құлықтар қаншалықты кездесетінін дәлелдеңіз
Күллі қазақ жұрты үшін сөзімен де, ісімен де өнеге боларлық Абайдан асқан данышпан, одан артық парасат иесі жоқ. Бүгінгі таңда бізге үлгі боп жүрген көзі тірі тау тұлғалар да әлі күнге шешілмеген сауалдарына жауапты Абайдан табатынын, шығармаларын әр оқыған сайын, қайталап соққан сайын жаңа қырынан танитынын жазады. Себебі Абай Құнанбайұлы алпыс жыл ғұмырында барлық тақырыпты қамтып жазып кетуге тырысқан. Сол шақтан бері өзектілігін жоймай сақтап келе жатқан тақырып – жігіт «нағыз жігіт» атын абыроймен арқылып жүруі үшін қандай болмағы, мәңгілік серігі боларлық жарын таңдауда көңіл көзін қадарлық қыздың басты қасиеттері.
Қазіргі кезде «жігіттер ұсақталып барады», «оларда ер азаматтық қасиеттер жеткіліксіз» деген пікірлермен жиі ұшырасамыз. Алайда мәселенің байыбына бармай, байбалам салу артық болады. Абаймен замандас жігіттер мен бүгінгі дәуірдің жігіттерін салыстыру үшін бірі дұрыс, бірі бұрыс болды, анау ақ, мынау қара деп дөп басып айту қиын. Себебі адамгершіліктің ақ туын биігінен түсірмеген, тәрбиенің терең тұнығынан қанып ішкен жігіт те, білім бұлағына бойламаған, әдеп әліппесін санасына сіңіре алмаған жігіт сол заманнан да, бұл заманнан да табылады. Бәрі адамның отбасынан көрген үлгісі мен оқыған-тоқығаны арқылы өзін-өзі тәрбиелей алуына байланысты.
«Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр құлақ ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша».
Абай жырлағандай жігіттің үш типі де бүгінгі таңда кездеседі. Әдетте, адамдардың ақылсыздығы өзі туралы жоғары ойлауынан, толдым-болдым деп, өзін ары қарай жетілдіруді қажет етпеуінен туады. Ондай кісі сіз сөйлегенде жай ғана тыңдап отырғандай кейіп танытады, шын көңілімен зейін қойып, жадына сақтап алуды ойламайды. Ал екінші типтегі жігіттер қандай пікір болса да тек өз шама-шарқына қарай қабылдайды. Қосымша сұрақ қою арқылы тақырыптың тұңғиығына бойлау ойына кіріп-шықпайды. Ал үшінші деңгейдегі жігіттер әр сәттен пайда алып қалуға ұмтылып, айтылған әр сөздің мағынасы мен астарына үңіледі.
Өлеңнің алғашқы жолдарында осылай жігіттердің түрлі типін ажырата келіп, ары қарай:
«Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе»,– деп жігіттердің бойынан көргісі келетін қасиеттерді тізбелеген. Бір қынжылтарлығы – антына адал, сертіне берік жігіттер аз. Берген сөзінде тұрудың орнына түрлі сылтау ойлап табуды оңай көреді.
«Керек іс бозбалаға — талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық».
Талапты, өнерлі жігіттер жетерлік, тек «сыртқа пысық, көзге сынық» болып шықпаса болғаны...
Бүгінгі күннің бірін-бірі батыр демей, бірі биікке шықса, балағынан тартатын күншіл жігіттерге, ойланбай үйлене салатындарға, еңбектенбей, маңдай терін төкпей, жеңіл жұмысқа, оңай ақшаға жүгіретіндерге Абайдың бұл өлеңі ой салып, ізгілікке шақырады.
@. @assel_assanova