- Негізгі бет
- Шығарма
- Жас жазушылар жіберетін...
Жас жазушылар жіберетін қателіктер
Қазіргі жазып жүрген жас өрендер «болмаса да ұқсап баға алмай», біраз қателіктерге бой алдырып жүр. Олардың кемшіліктерін жіпке тізіп беріп, мін табатындай бәріміз де кемеңгер емеспіз. Дегенмен жазуға отырған әр адам өзімен өзі күресіп, өзіне өзі редактор болып, кем-кетігін түзетсе деген ниеттеміз.
Бірсарынды сөздерді, сөйлемдерді, абзацтарды қатар қолданамыз. «Тіл байлығымызды» көрсетеміз деп, ой жұтаңдығын аңғартып алмайық. Айтар ойы, идеясы бір болса, мәтінді ұзарта бергеннен пайда жоқ, зияны – оқырманды жалықтырамыз.
Басы бірікпеген, грамматикалық жағынан байланыспаған сөздер қолданамыз. «Сан құбылмалы мәнерлі, ырғақты дауыспен сөйлеуге құмарлардың адамгершілігі аз болады». Кейде логикалық тұрғыдан қисын таппайды.
Мағынасыз, дөрекі теңеулерге ұрынамыз. «Қойдай қоздаған келіншектер», «ешкідей бақырып жан дауысы шықты». Адамды малға теңейміз. Мұндай "сәтсіз" теңеуді қолданғаннан, қарапайым сөзді қолданған жөн.
Көркем әдебиетке ақылгөйсіп өсиет айту жараспайды. Айтқыңыз келіп, алқымыңыз кеуіп бара жатқан ақылыңызды кейіпкердің аузына салып берсеңіз ұтылмаған болар едіңіз.
Әр сөзді орнымен қолданыңыз. Оқырманыңызды әліпті таяқ деп білмейтін ақымаққа баламаған лазым. Әр сөзді тәптіштеп түсіндіруді тоқтатайық.
Дөрекі сөздерді, диалектілерді сүзгіден мұқият өткізіп, көркем әдебиетіміздің оралымды, ырғақты тіліне ерік берейік.
Әртүрлі ұғымдағы сөздерді бірыңғай мүшелер етіп қолданбайық. Мысалы, «сан қырлы және проблемалы повесть». «Қырлы» мен «проблемалы» сөздері бірдей "-лы" жұрнағымен аяқталып тұрғанымен екі түрлі ұғымда қолданылады.
Артық деталь, қажетсіз штрихтардан арылайық. Суреттеп отырған бейнеміз, баяндап отырған оқиғамыз нені көздейді, осыны анықтайық. Мақсатсыз, мүддесіз бос сөзділікке ұрынбайық.
@. @assel_assanova