Эссе мен шығарманың айырмашылығы

Эссе мен шығарманың айырмашылығы
Фото: img5.goodfon.ru

Эссе де, шығарма да – шығармашылық жұмыс. Мектепте ғана емес, қазір жоғары оқу орнына оқуға түсу, арнайы білім алу, жұмысқа тұру үшін де эссе мен шығарма жазуға тура келеді. Өйткені адамның мінезі мен ойын, көзқарасы мен ұстанымын, ішкі көркемдік дүниесін, адамгершілік қасиетін оның жазған шығармасы мен эссесіне қарап ажыратуға болады. Ендеше екі жанрдың айырмашылығы неде, қай кезде қайсысын жазған ыңғайлы, соны анықтап алалық.

Эссе дегеніміз – ғылыми емес, автордың жеке көзқарасы мен ішкі ойын білдіретін прозалық мәтін. Егер шығармада автор жеке ойын барынша білдірмеуге тырысса, эсседе, керісінше автор жеке ойын білдіруге, оны дәлелдеуге тырысады. Эссені түрлі тақырыпта, түрлі сала бойынша жазуға болады. Мәселен, әлеуметтану, саяси, қоғамдық, публицистикалық, әдеби, тарихи тақырыптарда жазыла береді. Ал шығарма әдеби жанрға жақын болғандықтан, ол көркем тілмен жазылады.

Шығарма – оқушының әдебиеттен, халық әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымымен ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық жұмысы. Оқушы шығарманы көркем тілмен жазып, ой-пікірі мен көзқарасын терең талдап пайымдап, әсерлі, жүйелі, әдеби түрде баяндап беруі тиіс.

Эссе шығармаға қарағанда еркіндеу. Көркемдік-публицистикалық жанрға жақын, құрылымы тұрақты емес. Ал шығарма – белгілі бір берілген тақырыпқа арналған, міндетті құрылымнан тұратын жұмыс. Онда оқушы пәннен алған білімін барынша ортаға салып, көркем мәтінді қал-қадірінше талдап шығуы керек.

Эссенің жоспарын құру міндетті емес. Ал шығармада жоспар болуы тиіс әрі сол жоспар бойынша жазылады.

Шығарманың мақсаты – оқушының жазу тілін, сөз саптау мен логикалық ойлауын дамыту, шығармашылық қиялын жетілдіру мен алған әдеби білімін бойына сіңдіру. Оқушының әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алуы маңызды.

Ал эссенің мақсаты – оқушының сыни ойлау қабілетін дамыту. Оның көзқарасы мен ұстанымын дәлелді түрде бекіту, тақырыпты ашу үшін бар танымдық білімін ортаға салу, шығармашылық қабілетін шыңдау, жазу тәсілдері мен стильдерін таңдай алуын жетілдіру, ойын жеткізу кезінде сөз оралымдарын дұрыс қолдану, сөздік қорын байыту сынды қабілеттерін қалыптастыру үшін жазылады.

Мысал...

Енді әдебиет сабағына байланысты эссе мен шығарманың қалай жазылатынына мысал келтіріп көрейік. Эссе, жоғарыда айтқанымыздай, оқушының сыни ойлауына, өз ойын дәлелдеу мақсатында аргумент пен факті ұсынуына негізделеді. Мәселен, "М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Құнанбайдың образы" деген тақырыпта эссе жазатын болсақ, оқушы Құнанбайдың образын қай жағынан қабылдап, тани алды, соны дәлелдеп жазуы тиіс. Мысалы, Құнанбайды қатыгез адам деп таныса, онда Қодар мен Қамқаның өлімін мысалға алып, жайылымды тартып алу үшін келіні мен атасын өлімге кескенін аргумент ретінде пайдалана отырып, Құнанбайдың мінезін сипаттауы қажет. "Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді" дегендей ойлар жазса құба-құп.

Ал шығарманы мұндай аргумент не тезис ұсынып қажеті жоқ. Мұнда әдеби дүниелерге барынша мән берген жөн. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің "Құлагер" поэмасы жайлы шығарма жазу керек болса, ақынның аталмыш поэманы жазудағы көркемдік шеберлігі, әдеби әдіс-тәсілдері талданады. Ақынның поэманы жазудағы ойы мен идеясын талқыласа болады. Метафора, эпитет, шендестіру, теңеу сынды әдеби троп түрлері мен көркемдеуіш құралдарды анықтап, мән-мағынасын ашып жазса жөн болмақ.

Қ. Слямбек