Екі жылға созылған екі күн

Екі жылға созылған екі күн

Орыс тілі сабағы. Қоңыраудың соққанына бес минуттай болды. Кабинетке апайымыз кіріп келді (екі күндік іс-сапардан келген). Әрқашан сұлу, өзіне жарасымды киімін киіп, ерекше күтіммен, тіпті шаш үлгісін де жоғарғы талғаммен жасайтындығына үйреніп қалған біз оның бүгінгі күйіне үйренісе алмай-ақ қойдық. Апайымыз бұны байқаса керек, орнына жайғасып отырып алды да, күліп жіберді. Оқиғаның мән-жайын білмей, жалтаң-жалтаң етіп біз отырмыз. "Екі-ақ күннің ішінде басымнан не өткені, үш ұйықтасаңдар да түстеріңе кірмес...", - деді. Біз болсақ, "не болды екен?" - деп одан әрі қызыға түстік. Апайымыз сәл жымиып, әңгімесін бастап кетті.

 - Осыдан екі күн бұрын, ақпанның төрті. Қасымда екі әріптесім бар, үшеуміз Орал вокзалында пойыз күтіп отырмыз. Ертең Астана қаласында өте маңызды семинар. Міне, пойыз да келіп тоқтады. Екі әріптесім мініп кетті, билеттерімді көрсетіп, мен де соңдарынан шапшаң мінейін деп жатсам, тексеруші құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мүлде есімнен шығып кетіпті, құдды пойызға алғаш мініп отырғандаймын! Киім және тамақтар салынған үлкен сөмкеден басқа, бөлек тұрған кішкене сөмкемді ашып, ішінен құжатымды іздей жөнелдім. Құжат жоқ! Киім мен тамақ салынған үлкен сөмкеде жоқ екенін білсем де, ашып тастап, ақтарып жатырмын. Бұл сөмкеде де жоқ. Сенесіз бе? ЖОҚ! Енді не істемекпін?! Телефонымды алып, жұбайыма қоңырау шалдым. Құжат үйде де жоқ екен. Жолсерікке барып, оқиғаны баяндап бердім, не десем де, көндіре алмадым, құжатсыз кіргізе алмайтындығын, тіпті кіргізген күннің өзінде ең бірінші тексеруде-ақ пойыздан тексерушілер түсіріп кететіндігін айтты. Кенет жолсеріктің алдында отырып алып, жылай жөнелдім, өзге еш нәрсе ойыма келер емес (Елестетіп көріңіз жасы отызға келіп қалған әйел... Әлгі кісінің түрін көрсеңіз...) Алғашында жолсерікті көндіру үшін жасағанмын, бұл әрекетімнен еш нәрсе шықпайтындығын, жағдайымның қиын екендігін түсінгеннен кейін одан әрі жылай түстім. Бұл - көзімнен парлап аққан шынайы жас еді. Пойыз жүріп кетті, сөмкелерімді құшақтап, он минуттай отырдым. Одан кейін өз-өзімді жинақтап, әріптестеріме қоңырау шалып, пойыздан қалып қойғанымды, бірақ ертеңге дейін міндетті түрде жететіндігімді айттым. Тұтқаны қойғаннан соң, сіңліме қоңырау шалып, өзінің құжатын әкелуді сұрадым. Құжатты салып алып, Оралдан Ақтөбеге дейін баратын автобусқа жаңағы сіңлімнің құжатымен билет алдым. Ақтөбеден түсіп, тек Қостанайға дейін апаратын такси таптым. Қостанайға жеттім, енді Қостанайдан Астанаға бару ғана қалып еді, осы кезде, қалтамдағы қырық мың теңге бітіп қалды. Түнгі сағат екі, Қостанайдамын. Ақпанның сары аязы. Жалғыз өзім. Бейтаныс орта. Кеше үйден шыққаннан кейін тамақ ішкен емеспін. Ақтөбеге келе жатқанда, автобустың ыстығынан болса керек, барлық тамақ бұзылып, ашып кеткен, содан лақтырып тастағанмын... Іздеп жүріп, Астанаға дейін баратын такси тауып алдым. Бірақ жүргізушіге ақшам жоқ екендігін айтпаған едім. Жер көк тайғақ, машина әзер дегенде жүріп келе жатыр. Құдайдан аман-есен жетсем екен деп тілеп отырмын. Анам қоңырау шалды, телефонның ар жағында менен бетер уайымдап, жылап жатыр. Өзім дірілдеп отырсам да, анамды жұбатып, телефон тұтқасын қойдым. Қорыққаным сонша, ұйқыны да ұмыттым. Кенет он жыл бұрын бірге оқыған құрбымның Астанада тұратындығы есіме түсе кетті. Түннің беу уағында, таныстарымның бәрін аяқтарынан тік тұрғызып, қоңырау шалып, әлгі құрбымның мекенжайын іздестіріп, тауып алдым. Таңғы сағат жеті, мекенжай бойынша келіп тоқтадық. Есікті қағып, тіпті табалдырықты аттамастан “Айнұр, маған дереу жетпіс мың теңге керек,” - дедім. Елестетіп көріңіз, он жыл бұрын оқыған сыныптасыңыз, таң атпай кіріп келіп, жетпіс мың теңге сұраса берер ме едіңіз? Әй, қайдам! Айнұрдың жолдасы маған сенімсіздікпен қарады, әйеліне “Бұл кім өзі? Неге ақша сұрап тұр?” - деп сұрақтарды төндіріп жатыр. Семинардың басталуына тек қырық минут қалды. Айнұрдың қолын ұстап алып, ақша дереу керек екендігін, кейін қайтарып беретіндігімді айтып, жалынып-жалбарынып сұрап алдым. Он минуттың ішінде таранып, бетімді әрлеп, көйлегімді киіп, бөлмеден шықтым. Айнұрдың жұбайының көзі шарасынан шыға жаздады. Құдды күлбикенің ханшайымға айналғандығына куә болғандай. Үйден тез-тез шығып, таксиге мініп, сағат жетіден елу тоғыз кеткенде орнымда болдым! Сол кездегі менің ішкі сезімімді білсеңіздер, шіркін! Өмірге қайта келгендей болдым... Міне, екі жылға созылған екі күннен кейін, үйіме оралып, тоңазытқыштағы бар тамақты жеп, тіпті душ қабылдауға шамам жетпей, бір тәулік бойы қозғалмастан ұйықтап, бүгін таңғы жетіде тұрып, алдарыңызға келіп отырмын, - деп шытырманға толы әңгімесін аяқтайды.

Менің бір түсінгенім, әр іске ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын, үміт үзбеуіміз керек. Өйткені кез келген мәселенің шешімі бары сөзсіз. Бойымыздағы сенім мен жанарымыздағы үміт оты ғана бізді биікке жетелемек!

Авторы: Мунтиева Аида

Сурет: www.contenton.ru

 

Оқи отырыңыз:

Мамандық таңдаудан қателеспейік

Студенттік өмір туралы шығарма

Атам мен әжеме алғысым шексіз

Менің арманым – Нұрсұлтан атадай Президент болу

Ж. Исакаев