Ер жүрегі «мен қазақпын» деп соққан әкесі-орыс, анасы-кәріс, ал жұдырақтасуда мексикалық стильді жаны сүйетін былғары қолғап шебері қазақ боксының тарихында жаңа нұрлы болашаққа бастау болды. Геннадий Геннадьевич Головкин - қасиетті Қарағанды мекенінен шыққан қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, «қазақ бұлбұлы» Күләш Байсейітова мен қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Қасым Аманжоловтай, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сынды халық ертегілерін мультфильмге айналдырған қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаровтай ата-бабаларымыздың рухын, өрлігі мен даналығын бойына сіңіріп өскен әлемге танымал кәсіби бокс шебері. Геннадий Головкиннің әр жекпе-жегін «өз көзіммен көріп, жүрегімен сезінемін» дегендерге мұхиттың арғы жағынан асып тамашалауға, еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейінгілердің бәрі бір ел болып таң атырып, әлем жұртшылығының бір жерге жұмырлана жиналуына бірден-бір себебі болып кеткені анық.
Алғаш рет зал есігін 9 жасында ашқан боксшымыз бір айдан кейінгі алғашқы ұтылыстың дәмін сезініп үлгермей жатып, осы 9 жыл ішінде жалғасын таба білген жемісті жеңістері ел аузында аңызға айналып кеткендей.
Геннадий Головкин - қандай мықты болмасын, кез келген қарсыласты табандылық пен төзімділік арқасында таза еңбек термен жеңуге болатының бірден-бір дәлелі. Оның шаршы алаңға қарсы шықпас тек бір ғана былғары қолғап шебері бар. Ол қасында үнемі қолдап жүретін егіз ағасы Максим болып табылатыны арадағы ағайындық сыйластықтықтың үлгісін паш етеді.
Тіпті әлі болмаған жекпе-жекті әркім өзінше болжап, «кім келесі?» деп асыға күтіп жүретіндеріміз қаншама. Намысын жерге таптаттырмайтын Геннадий Головкин өз қарсыластарының рингке шықпас бұрын айтылған балағат-даттау сөздеріне өз кезінде жойқын соққыларымен жауап бере білуі кімді болмасын, сүйсіндірмей қоймайды. Өзін өте салмақты ұстап, әр жұдырығын есеппен жұмсай білуінде жеңіске деген құштарлықтан бұрын, Отанға деген оттай өршіл махаббатың шаршы алаң сыртындағы көрермендер де сеземіз және «шаршап қалмаса екен» деген ішкі уайымды әрқайсымыз сыртқа көрсетпеуге тырысатындаймыз. Головкин өз сөзінде «Мен билегенді жақтыртпаймын. Мен мексикалық стильде жұдырықтасуды ұнатамын» деп өзіндей аса мықты алыптарды төрешілер ұпай санамай жатып нокаутпен сұлатып салуды әдетке айналдырып кеткен айқын көшбасшымыз әр жекпе-жегімен өзін шексіз сүйетін туған халқына керемет ләззат пен ұлы мақтаныш сезім сыйлай біледі.
Елінің сүйікті ұлы алдағы жоспарлары мен басқа да көптеген қызықты жаңалықтарымен бөлісіп, жанкүйерлерімен кездесіп тұруды ұмытпайды. GGG деген лақап атпен аталып кеткен боксшы осындай атты брендпен қолтаңбасы қойылған қолғаптан бастап, әртүрлі спорттық киім үлгісін сатылымға шығарды. Сұхбаттарында жылтыраған журнал беттеріне шығуға, киноға түсуге ұсыныстар саны өсіп тұрса да, ол өзінің спорттық мансабы бәрінен де маңыздырақ екенін ескере отырып, болашақта Қазақстанда кәсіби бокс академиясын ашуды жоспарлайтынын айта кеткен. «Отан отбасынан басталады» демекші, Головкин бар бос уақытын жанұясына арнайды екен. Ол саяхаттауды ұнатумен қатар, неміс және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, қазақ тілінде де Дэвид Лемьемен соңғы жекпе-жегінде жеңіске қол жеткізгеннен кейін «Үлкен рахмет! Рахмет сізге!» деп жанкүйерлер қолдауына алғыс айтқан болатын. Әр жекпе-жегінде қазақ шапанымен көк туды желбіретіп шығып жүрген Генамыз патриоттық сезіммен бірге спортқа, боксқа деген махаббатты оятумен қатар, тұлға ретінде қалыптасуда бәріне үлгі болуға әбден лайық.
Жалықпай ізденіп, шеберлігін жетілдіре түсуде дәуір талабының дәрежесіне сай бола білген Геннадий Головкин Геннадьевич жеңістері қайта-қайта тілге тиек бола бермек!
Жолдаған: Қойысова Сымбат