Халықта «Тәрбие табалдырықтан басталады», «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы» деген нақыл сөздер бар. Расымен де, әрбір ата-ана өз балаларының алғашқы тәрбиешілері. Олар - өз отбасындағы басты тұлға. Ата-ананың бала алдында беделі болуы керек. Әсіресе, ананың орны ерекше. Ерекше болатын себебі, ананың адамгершілігі, мейірімділігі, төзімділігі, даналығы, балаға деген сүйіспеншілігі. Сөз жоқ, әр ана баласының жан дүниесін түсініп, оның жүрегіне жақын болып, шынайы досына айналса – мақсатына жеткені. Егер ол балаға деген аналық махаббатын дұрыс түсінбей, баласының жіберген қателіктерінің бәрін кешіріп, талап ете алмаса, өз баласының кемшіл тұстарын көре білмесе, кейін үлкен өкінішке ұрынатыны анық.
Екінші бір басты мәселе, әке болу - ер адамдардың игі, жауапты парызы. Әрине, әке бала бойына жоғары азаматтық мұраттың таратушысы, әрбір отбасы мүшесінің, ана беделінің қорғаушысы, жұбайлық адалдықтың үлгісі бола білсе, онда ол, сөз жоқ, шаңырақтың тірегіне, мәуелі бәйтерегіне айналады. Сыйлы әке – балалардың мақтанышы.
Бүгінгі таңда толық емес отбасыларында өскен балалар өте қамкөңіл, тез ренжігіш, күйгелек мінезді болып өсіп келеді. Аналық мейірімді қатты аңсайды. Ондай бала көңіліне ұнамағанды істемейді, қоғамдық пайдалы еңбектен бас тартуға әрекет жасайды. Сонымен бірге, еңбек тәрбиесіне көңіл бөлмеген жанұяларда бала бос уақытын көптеген жағдайда әр түрлі қызықтар қуумен өткізеді. Ол жастардың азғындауына апарып соғатын бірден-бір жағдай. Жалпы отбасындағы әке тәрбиесіне келсек, бүгінгі таңдағы әке әр түрлі себептерге байланысты өзінің отбасындағы патриархалды күшін жоғалтқан. Бүгінде әке тәрбиесі ана мейірімі жетіспейтін отбасылар көптеп кездесуде. Отбасы тәрбиесінде мейірімділіктің, имандылықтың, адамгершіліктің төмендеуі салдарынан әр түрлі жағдайлар туындауы мүмкін. Ата-анасын түсінбеген, танымаған бала басқаны да тыңдап жарытпайтыны анық. Сондықтан да әрбір ата-ана «баланы жастан» деген аталы сөзбен «Не ексең соны орасың» деген халық даналығын жадына ұстаған дұрыс.
Ата-аналар арасындағы бала тәрбиесіне көзқарастың әр түрлілігі байқалады. Ата-аналардың жанұядағы тәрбие мәселелері жөніндегі келіспеушілігі, көзқарастарының бір болмауы баланы жеке басында жақсы сапалар қалыптастыруға кері әсерін тигізбей қоймайды. Тату-тәтті өмір сүріп отырған жанұя әрдайым балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Балаларын өздерінің ойларымен бөлісуге үйретеді, саяси мәселелерді, жаңа фильмдер мен кітаптарды бірлесе отырып талдайды, өздерінің сүйікті әндерін орындайды. Мұндай жанұя тар шеңбер аумағында қалып қоймайды. Ал кейбір жанұяда баланың жеке басына көңіл бөлінбейді. Ата-ана оның ішкі дүниесіне, қандай нәрсе қызықтыратынына, мақсатына, уайымына, қоршаған ортаға қатынасына назар аудармайды. Ұмытпаңыздар, ата-аналар өздерінің жақсы мінез-құлықтарымен, жеке өнегелерімен ғана балаларын таза достық пен жолдастыққа баули алады.
Сондықтан бала тәрбиесі ата-аналарға жауапты, міндетті жүктейді. Ал ол міндеттердің көңілден шығуы ата-ананың жанұядағы әрбір үлгілі ісіне байланысты. А.С.Макаренконың: «Біздің балаларымыз - біздің қартайған кездегі болашағымыз. Оларға берілген дұрыс тәрбие – ол қартайған кездегі бақытымыз. Теріс және нашар тәрбие – ол біздің болашақ қасіретіміз, көз жасымыз», - деген даналық тұжырымнан жемісті нәтиже шығарайық.