Бейбітшілік – әлем тілегі

Таң атты. Шыр-шыр еткен торғайлардың әсем даусынан оянып кеттім. Көк аспанда жарқырап сәулесін төккен күн күлімдеп, мені жылы құшағына шақырғандай болды. Сыртқа шығып, кең байтақ елімнің лебімен тыныстап, шайдай ашық аспанға ұзақ қарап тұрдым. Тыныштық... Бейнебір адамзат әлемінен өзге бір ертегідей әлемге сапар шеккендей әсердемін. О, туған жер! Сен осынша адам ойының ең ұшқыр қиялындай шексіз болармысың!

Осы мезетте жүрегімнің түкпірінен бір жылылық сезілді. Жоқ, бұл енді күн құшағының жылуы емес, туған жерге деген махаббат пен зор мақтаныштың жылуы еді. Себебі, мен ешкімнен және ештеңеден қаймықпастан Отанымның сұлу табиғатының құшағына бөленіп, Жер-Анаға еркелей аламын. Міне, қараңызшы, айнала тыныштық... Осы бір тыныштықты бұзар ел арасындағы айқай мен шу да, соғыстың зарлы үні де, адамзаттың қайғылы мұңы да естілмейді. «Аллаға тәубе!» - дедім. Мұндай бейбіт өмір барша адамның пешенесіне жазылды ма екен? Мен олай ойламаймын. Өйткені әлемнің түрлі аймақтарында ірілі-ұсақты қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер жиі кездесуде. Соғыстың қара жамылғысын жамылып, атқан таңы қараңғы түнмен тең болып, өз туған жерінің ыстық құшағына бөлене алмай, қара түнектің суығына тоңып жүрген ел қаншама?! Мұндайды көріп қалай мұңаймассың!

Ең өкініштісі, зұлымдық пен қайғы-қасіреттің жаршысы мен бастаушысы ертегідегідей қара дүлей күш иесі емес, өзіміздей адамзат баласы. Кейде бар даусыммен «Өтінемін, тоқтатыңдар!» - деп айқай салғым келеді. Амал қанша, менің даусымның жаңғырығы да оларға естілмейді. Қолдан келетін бір-ақ нәрсе - туған елімнің басына қонған бақ құсын ұшырып алмау! Ол - бейбіт, тыныш өмір. Шынында да, халқымыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай қорғаштауға тиіс басты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құндылығы да тәуелсіздік емес пе? Осындай мамыражай, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» кезеңде өмір сүруіміз, берекелi бiрлiгiмiз елбасымыздың ақылы мен парасаттылығының арқасы деген ой түйдім. Себебі, Нұрсұлтан атамның бастауымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бейбітшілік жолында сіңірген еңбегі мен төккен тері, ынтымағы мен бiрлiгi жарасқан елiмiздiң көк байрағын көкке желбiрете түсті. Біздің дана халқымыздың «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөзі бар екен. Міне, біздің елімізге де ырыс дарып, халқымыз дұрыс бағыт алып, мәңгілік ел болуға қадам басты. Елдің тілегі де бейбітшілікті сақтау, соғысты болдырмау, адамзаттың құндылығын сақтау екенін бүкіл әлем мойындады. Меніңше, осындай дәрежеге келісім мен ынтымақтың нәтижесінде жеттік деп ойлаймын. Осылайша, бүкіл әлемнің көгін ойша шарлап, барша адамға күн нұрына бөленген бейбіт өмірді тіледім. Өйткені, мен бейбітшілікті қалаймын!..

Динара Мұратқызы

Ұқсас жазбалар:

Менің Қазақстаным – бейбітшілік ұясы

Көгершін - бейбітшілік құсы