- Негізгі бет
- Шығарма
- Бейбіт күнді бағалайық...
Бейбіт күнді бағалайық
Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.
Н.Ә.Назарбаев.
Бүгінгі күні тәуелсіздікке қолы жеткен азат елміз. Иә, тәуелсіздікке қолы жеткендерде де бар, жетпегендер де бар. Бірлігі жарасқан халық та, түрлі ұлт пен ұлыстар, этностар да, сарқылмас қазына, әсем қала, көрсе көркі тартар табиғат та, биік шың, көл мен теңіз де бәрі-бәрі Қазақстанымыздың байтақ жерінде кеңінен таралған. Ел ішіндегі татулық пен бірлікті, өзара құрмет пен жарастықты нығайту жолындағы елбасымыздың атқарған қызметтерін мақтанышпен айта аламыз. Кім болмасын келер күнін тек жақсылықпен тосатыны хақ. Біз бейбіт елдің астында таңымызды атырып, күнімізді батырып жүрміз. Біз бақытты елміз. Сол бақытты бағалай білу керек. Осындай киелі шаңырақта өмір сүріп жатқан әрбір жан алтын уақытын тектен текке емес тәуелсіздіктің сақталуы жолында жұмсағаны абзал. Тәуелсіздік бізге аспаннан келіп түскен жоқ. Ата-бабамыздың елімнің болашағы деп соққан жүрегі, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы, қырағы батырларымыздың қайтпас қайсарлығы, ақын-жырауларымыздың халықты бірлікке шақырған толғауларының өзі тәуелсіздік шыңына жетуге итермеледі. Сан ғасырлық тарихымызда елі үшін құрбан болған, мақтаныш тұтар тұлғаларымыз аз болмаған. Ол тұлғалар халықты арманына жеткізді. Біз тәуелсіздік секілді ұлттық мерекені елемей қалдырмауымыз керек. Жан-тәнімізбен, жүрекпен сезініп, өткен тарихымызды еске ала білу қазақ халқы үшін міндет. Тәуелсіздік — елдің тойы. Бірлігі жарасқан Қазақстанымыз талай күнді артқа тастап, қазіргі уақытта қарқынды даму үстінде. Ел ішіндегі ынтымақтастығымызбен, елбасы құрған салиқалы саясатымызбен, дамыған эконмикамызбен өзге елдерге үлгі бола білдік. Баға жетпес қазынамыз, бізге келген — тәуелсіздігіміз. Осы қасиетті құндылығымызды сақтайтын күш бар. Ол күш — бірлік деп аталады. Бірлік болмаса, қандай да бір асып тасып бара жатқан мықты ел болмасын күлі көкке ұшып кететіндігін, бізге тарихта қалған дүрбелең жылдар дәлелдеп кеткен болатын. Тәуелсіздіктің тамырында көпшіл халық, егемендік, жасампаз рухымыз жатыр. Тамырын тереңге жайған азаттығымыз қашан да ел жадында. Отанымыз тәуелсіздік жолында да әрдайым биікте тұрады. Қазақстан — өзгеге құшақ жая білген дархан халық. Тәуелсіздік жолында ел ішінде талай қызметтер атқарылып келеді. Оның барлығы халық мүддесі мен игілігі үшін. Қазақстанымыз туралы мақтанып айтарымыз көп. Алдағы жарқын болашақ біздің қолда. Тәуелсіздік отын өшірмей сақтау жолында алда талай іс күтіп тұр. Бейбіт еліміздің әр күні жаңа жетістіктер мен жағымды жаңалықтарға толы болсын!
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік
университетінің 2-курс студенті Кенжеғали Кәмшат
Тәуелсіздік — қайсар халқымыздың азаттық пен еркіндікке деген ұмтылысының айнасы әрі үлкен жетістігі деп білеміз. Сондықтан да иісі қазақ жамағат үшін Тәуелсіздік күні − ерекше қастерлі мейрам.
1991 жылы әлем картасынан ойып тұрып орын алып, Еуразия құрлығының жүрегі атанған Қазақстан Республикасы тәуелсіз даңғыл жолға алғаш қадамын басқан еді. Қайран уақыт зымырап өте шықты. Артқа көз тастар болсақ, кеше ғана болған оқиға бүгінде ұлтымыздың марқая тойлар мерекесі. Расымен де, 1991 жылы алты құрлыққа Қазақстан деген атпен танылған еліміз биыл азаттығының 24-ші жылын тойлағалы отыр.
Жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттап, қазақ халқы өзінің тума болмысын, бай мәдениетін, сан ғасырлық тарихы мен тағылымға толы салт-дәстүрлерін сақтап қала алды. Бірлігі жарасқан еркін қоғамның жұмылған жұдырықтай атқарған еңбегінің жемісі — дамыған 50 елдің қатарынан орын тапқан тәуелсіз Қазақстан Республикасы.
Әлем сахнасынан сыйлы орынға жайғасып үлгерген егеменді еліміздің осынау жылдардың ішінде жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері аз емес. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыда жедел қарқынмен дамып жатқан Қазақстан әлемді аузына қаратқан зайырлы ел болып отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбевтың жүргізген парасатты саясатының арқасында егемендік алған жылдар ішінде еліміз әлемдік қауымдастықтардың ықпалды мүшесі атанды, халқына қауіпсіздік пен жарқын болашағы бар өмір сыйлай алды, демократиялық дамудың биік іргетасын қалады, сондай-ақ шет мемлекеттермен тиімді сауда-экономикалық қатынастар орнады, жас буынға сапалы білім беру жолында жаңа білім ордалары ашылды, соңғы технологиялармен емдейтін ауруханалар салынды, кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайлар жасалды, ал зейнетақы мен жалақы мөлшері жыл санап өсуде.
Бүгінде ұлтымыздың басты мақтанышы — өткеннен қалған өнегені үлгі тұтатын, жүрегі ұлтына деген махаббатқа толы жастар десек қателеспейтін болармыз. Елім деп еміреніп, жұртым деп жүрегі соққан зиялы жастар арамызда аз емес. Ендеше, еңсесі биік осы жас буынның басты міндеті — бейбіт те шуақты күндерді бағалай біліп, жаңа асуларға ұмтылу, елімізді жаңа белестерге жетелеу.
ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультеті
Туризм мамандығының 3 курс студенті Тлеулес Аида
Бейбітшілік, тәуелсіздік — расымен ауқымы кең ұғым. Төл тарихымыздан да, өткен жылдардан да ұғынғанымыз, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Ұлттық рухтың, батылдық пен ержүректіліктің айқын көрінісі. Талай дүрбелең уақыт пен зобалаң жылдардан сүрінбей өткен "киелі тәуелсіздік". Ең бақытты ел — ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқан ел. Сондықтан біз нағыз бақытты елміз. Бабалардың батырлығымен, аналардың ақ тілеуімен келген киелі тәуелсіздік — қазіргі ұрпақтың жадында мәңгі жатталуы тиіс.
Бейбітшілік қолымызда тұрған ең үлкен байлық. Сол байлықты бағалап, келер ұрпаққа аманаттау, әр азаматтың міндеті. Еліміздің болашағы кез келген саналы адамды бей-жай қалдырмайтыны анық.
Бейбітшілік туын асқақтатар білімді жастар, тек жақсылыққа жол сілтер аға буын, ақ тілеуі көл-көсір көнекөз қарияларымыз бен ұлт болашағын ойлайтын қаракөз қыздарымыз көп болса, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік. Осы киелі ұғымның қадірін жете түсінсек қана "бейбітшілік" ұғымының ғұмыры мәңгі болмақ. Бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңы — кешегі бабалардың арманы.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университетінің 3-курс студенті Бәзілжан Мадина