Жазушылық қабілет екінің біріне беріле бермейді. Ол - адам баласының бірегейіне ғана тарту етілетін ерекше сый. Оның қадірін түсініп, шыңдай түсетіндер бар. Дәл сондай ерекше талант иесінің бірі - Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы Женисова Аида. Редакциямызға өзінің әңгімесін жолдаған екен, оны бірге оқып, бағасын берейік.
Апам бүгін жұмысынан ертерек келді. Қолында көк пакеті бар. «Шіркін-ай, мына пакеттің іші толған тәтті болса ғой» деп ойладым ішімнен. Құдды сол бір тәтті болса, апам маған бере коятындай. Сонда да бала көңілім алдымдағы көк пакетке жалтақтап тұр. Көк пакет мені өзіне баурап алғаны соншалық, тіпті апаммен амандасуды ұмытып кетіппін. Бар ойым қолындағы пакетке ауып кеткенін байқаған апам:
- Ойлама! Бұл кәмпит те, мармелад та емес, - деді, - Бұл – аса қауіпті зат. Бүгін мектептегі химик Мәнсия апай берді. «Мәнсия апай» дегенде, бағанадан бері елжіреп, рахаттанып тұрған жүрегім зу ете түсті. Химия сабағы, Мәнсия апай деген сөздерді естісем, алған екілігімді апам біліп кояды ма деп жүрегім аузыма тығылатын. Оны апам білсе, кәмпит тұрмақ, далаға шығып ойнаудың өзі арман болып, үйде химия кітабын бастан-аяқ жаттайтыным сөзсіз. Сол күні екілік бағаны әдейі алмағанмын... Әй, кім екілікті әдейі алушы еді? Жай ғана анау «Н» дейтіндей, не еді, таңбалары, иә, соларды ажырата алмағанмын. Соған бола журналды ашты да, екіні былш еткізіп қоя салды. Өй, көк пакетіме қайтайын. Сөйтіп апам «Мәнсия» деп еді мен тілімді жұтқандай үнсіз қалдым. Апам жаңағы пакетімен төргі бөлмеге кіріп кетті. Сонда да сезіп тұрмын, көк пакет маған қарап күлімдеп тұр. «Ішім толған тәтті» деп баурап барады. Апамнан қалыспай, мен де төргі бөлмеге ұша жөнелдім. Сөйтсем, апам анау қырық жылдан бері сервантта тұрған портфельді алды да, әлгі көк пакетті соған салып, төрге апарып ілмиіп тұрған шегеге іліп қойды. Артында бақылап тұрғанымды байқап, қоңыр даусымен ескерте, сұқ саусағын алға қарай созып:
- Мына портфельді ашпа! Ашсаң бітті! Мәнсия апайдың берген заты жарылып, үйдің тас-талқанын шығарады. Айтпады деме! - деп бағанағы қоңыр даусын зілдірек, қатал етіп ескерткен сыңай танытты. Менің бар ойым портфельде. Диванға қалай отырсам да, әлгі портфель маза бермеді. Ішінде не бар екені қызық болып барады. Ары ойландым, бері ойландым, ақыры портфельді ашатын боп шештім. Ажалым химиядан болса, құтыла алмаспын деп ұйғардым да, апамды аңдуға шықтым. Ағам әкеме ілесіп қалаға кеткен болатын. Үйде апам екеуіміз ғана. Осы байқаймын апам да жиналып кетпекші. Түк білмегендей, былай да өтем, былай өтем. Апамның шығар ойы жоқ. Ақыры аппақ сөмкесін қолтығына қыстырып алды да, дүкен аралауға кетті. Ақырын ғана сыртқы есікті жапты да, «Мен кеттім, портфельді абайла!» - деп күлімдеп кетті. Мен енді не істерімді білмеймін. Портфельдің ішінде тәттілер болса, дәл ханзададай өмір сүрерім хақ. Қонақ келгенде ғана колыңа түсетін кәмпитті тойып жеу арманым ғой. Сонымен не керек, апам келмей тұрып портфельді ашайын дедім. Тағы бір ойым, өлсем, үйде ешкім жоқ, өзім өлем, кесірім тимес ешкімге деп ойладым. Анау портфельге жақындау да бір қорқыныш. Қатты қорыққандықтан, бірінші қолымды тигізбейін дедім. Далаға шықтым да, ұзындау таяқты сындырып алып, төргі бөлменің терезе жағына келдім. Ақырын ғана терезенің бір қуыс тесігінен таяқты өткіздім де, портфелімді түрткілеп көрдім. Бойымды бір түсініксіз сезім билеп, қатты қорықтым. Сонда да, таяқты алып, қайта түркіледім. Портфель атылатынға ұқсамайды. «Уһһһһ» деп жүрегім орнына түсті де үйге кірдім. Төрдегі бөлмеге келіп, портфелімді ақырын аштым. Ешқандай дыбыс жоқ. Ашып қолымды салдым. Жаңағы көк пакет тұр. Пакетті ашып, қолымды салып қалғаным сол-ақ еді, іші шытырлаған кәмпитке толып тұр екен. Олжаның үстінен түстім. О, енді айызым қанғанша жеймін дедім. Жедім де, бір уақытта қатты тойып кеттім. Алдыма қарасам, он шақтысын тындырыппын. Тапқан олжамды көк пакетке орап, қайтадан портфельге салып, іліп қойдым. Апам біліп қоймасын деп тісімді де жудым. Ал кәмпиттің кағаздарын көшенің аяқ жағындағы арыққа ағызып жібердім. Күнде енді мен үшін той. Үйде ешкім болмағанда, барып кәмпитті армансыз жеп, барлығын өз ретімен істеп койып жүрдім. Бес-алты күнде кәмпит те бітті. Мен қалыпты өміріме көштім. Соңғы кәмпитті жеп болған күннің ертеңінде үйге Мәнсия апай келді. Апамды түсінбеймін, осы кісімен қалайша дос? Алған екілігімнен кейін Мәнсия апайды қатты жақтыра қоймайтынмын. Не керек, апам үстел үстін дайындап, әлгі портфельді ашты. Ашса, пакет тұр, ішінде кәмпит атаулыдан бір килограмм тұрмақ, бір талы да жоқ. Ызаланған күйі «Мұқаш, бері кел!» деп айқай салды. Түк түсінбегендей болып, апамның қасына келдім. Кәмпит қайда дегенге, қайдағы кәмпит оның ішінде бомба бар ғой деп бейкүнә баланың рөлін сомдай қалғаным сол-ақ еді, бөлмеге Мәнсия апай кіріп келді. Біткен жерім осы. Мені көре сала, апама екілігімді айта салды, әрине. Соны айтпай-ақ қойса болар еді ғой. Бір күні түзейтін едім. Апам маған қатты ашуланды да, Мәнсия апайды ертіп шайларын ішуге кетті. Әкем қаладан келгенде не боларын ішім сезіп тұр...