Күзгі түн. Суық жел. Қызыл жапырақтардан қалпақ киген сорайған сидаң қара ағаштар өрттен қалған ормандай қорғансыз көрінеді. Жалаң бұталарда қара қарғалар қарқ-қарқ етеді. Жердегі жұлдыздардай жарқырағыш қанатты жәндіктер тобыры ағаштарды айнала ұшады кеп. Тұңғиық түнекке солар шашқан ұсақ сәулелер мен зүмірет заңғардан түскен шұғыла жарық сыйлап тұр.
Келбеті қаһарлы болса да көрікті, ақ Арғымақ мінген жас жігіт жарыққа қарай жорта жөнелді...
... Алпауыттармен арпалыстан аман шыққан жаужүрек ақыры сүйгені сыбызғы сазға елітіп сарғая күткен сарайға жетті-ау.
Көңілінің күнін көргенде Ай арудың ақ мамықтай үлбіреген жүзі қанды өзеннің балдырындай қып-қызыл болды. Жанардан аққан жақұт жас қос арнамен көк балықты көлге қарай құйыла жөнелді. Қайтсін енді, ол кеткелі, қыз қалтқысыз күткелі қырық ғасыр құмға айналған болатын. Ақ көйлек ай жүзді аруды қара күртесіне орап, кеудесіне қысты. Кербез қыз қос ғашықты қырық ғасырға айырған жорық алдында өзі сыйлаған әтірдің иісін сезді. Жер жаһанның жасыл жауһарын жия жүріп, жаңбырлы жазда жылап отырып жасаған еді. Енді көңіл қалпында, жүрек орнында, бақыт қасында.
Ақ арғымақ қос ғашықты Алтайдың ар жағына ала қашты...
Түс екен.
Жастықта жатқан кітап парақтарынан мистикалық романтизмнің желі еседі. Эдгар Аллан По.
Қоңыр күзде қара көз қызды тағы тарғыл тылсымдық тұғырына тартады да тұрады...
Суреттен туған қиял. Қараңызшы, сіздің ойыңызға не келді? 5 минут қана толғанып, қиялыңызбен бөлісе отырыңыз, оқырман.