Атам мен әжеме алғысым шексіз

Бала кездің ең бір тәтті шағы ата-әжеміздің қасында өткен бал күндер ғой. Таңертеңнен асыр салып, доп қуып келген кішкене құлыншақтарын еркелетіп, айналшықтап жүргенде ең ыстық жандар ата-әже екенін сезінеміз. Нағыз тәрбие мектебі де ата- әжеден бастау алады. Өйткені, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық танытудан бастап, отансүйгіштік, кішіпейілділік, бауырмалдық секілді игі қасиеттерге баулып, жақсылыққа үйретуші. Немересінің тәтті қылығына тамсанып отыратын ардақты жандардың орны ерекше.

Мен де ата-әжемді тұнып тұрған өнегеліктің үлгісі деп білемін. Жазғы демалысымда ауылға ерекше сағынышпен аттанамын. Үйге жете салысымен ата-әжемді іздеп, олардың әжім басқан нұрлы жүздерінен төгілген сағынышты көргенде шаттанып, кішкене балаша күй кешемін. Атам маған әр сөзінде "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол", - деп айтып отырады. Осы сөздің өзі маған Отан, ел алдындағы жауапкершілігімді сездіреді. Ата-әжемнің санама сіңірген әрбір сөздері мені ақылды ойға жетелейді. Бұл өмірдегі әр нәрсенің орнын айнытпай түсіндірген ата-әжеме алғысым шексіз. Барлық досыма ата-әжеміздің қадірін білейік, аялайық, ақыл-кеңестерін тыңдап, ақылды болайық дегім келеді.

Көрнекі сурет: baq.kz