- Негізгі бет
- Шығарма
- Ат – ер...
Ат – ер қанаты
Қазақ халқы жылқы малын ерекше құрметтеп, қадірлей білген. Оған дәлел, батырларымыз бен хандарымыздың өзіне тиесілі арғымақтарының есімдері күні бүгінге дейін тарихта сақталуы. Жылқыны таңдап мінуде де ерекше ережелер бар. Дала заңының ұтымды тұсы да осы болуы керек. Қобыланды батырдың жары Құртқаның ат баптаудағы ерекшелігінен де хабарымыз бар. Қазақ міністің жылқысын бөлек, азық ретіне пайдаланатын жылқыны бөлек, жауға шабатын жылқыны бөлек баптаса керек-ті. Халқымыздың жылқы таңдаудағы көрегендігінен де сыр шертейік, ендеше!
Атақты қолбасы, батыр Қаракерей Қабанбай батырдың ұзақ уақытқа дейін келісті аты болмаған деседі. Батырға құдасы Боранбай би жылқыны өзі таңдап берген. Боранбай түйсінгіндегі батырға сай жылқы сипаты төмендегідей болыпты:
«Биіктігі өзіңдей болсын, местігі өзімдей болсын. Желгенде екпінінен жел ессе, аяңы Қазыбектің сөзіндей болсын. Құлағы қамыстай болсын, ерні талыстай болсын. Екі көзі ботаның көзіндей, шекесінің арасы қарыстай болсын. Қабағы – бүркіттің қабағындай, шықшыты бураның сағағындай болсын. Жылқыңыздан осындай бір тай табылса, мүсіні мен сымбаты менің қойған талабымдай болсын. Жануардың жалы жібектей, қасқа тісі күректей болсын. Мойны ата қаздың мойнындай, жігері бабына келген түлектей болсын. Белдемесі қанатты болсын, жаясы жалпақ алапты болсын. Бір көргендер үш көрерлік, осындай сұлу жарақты болсын. Сауыры құлындай болсын. Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын. Ерегісте ер серігі болатындай, ел есінде қалатындай, өңі мен түсі бірыңғай болсын. Денесі шымыр болсын, тұяғы жұмыр болсын. Қуғанда құтқармайтын қайыспас тұғыр болсын. Құйрығы төгіліп тұрсын, талданып сөгіліп тұрсын. Самсаған қалың қол ішінде тұрпаты ерек бөлініп тұрсын. Тілерсегі төмен, екі бұты алшақ келіп, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрсын».
Бұл сипаттамаға сай жылқы ел арасынан табылды. Ол –Қубас жылқы еді. Өмірінің соңына дейін Қабанбайдың сенімді серігі бола білген. Тіпті, Қабанбай Қубастың үстінде жан тапсырыпты деген де аңыздар ел арасында көп таралған. Сіз жылқы малын сүйесіз бе?!