- Негізгі бет
- Шығарма
- Әнші ақындардың өлеңдеріндегі...
Әнші ақындардың өлеңдеріндегі серілік табиғатын талдап жазыңыз (эссе)
Қазақ халқы сал-серілерін төбесіне көтере сыйлап, қонақ боп келсе құдайындай құрметтеген. Себебі:
«Мінез, ақыл, өнері дұрыс болса,
Бір сырлы, сегіз қырлы босла жігіт»– деп Ақан сері өзі жырлағандай, жігіттің бойына жеті өнерді аз деп біліп, бар игі қасиетті тұлғалық тұрпатына жиюға тырысқан. Қазір бір әуеннің сөзін бір ақын, әнін басқа композитор, оранжировкасын тіпті басқа адам жасап, ол әнді орындайтын мүлде өзге жан болса, сол шақтарда осы қабілеттердің барлығы бір серінің бойынан табылған. Жалғыз өзі бірнеше адамның ісін атқарған. Осы қасиеті бар адамның барлығы бірдей сері деп таныла бермейді. Жігітке тән мәрттік, адамгершіліктің ақ туын адал алып жүре алатындай болғанда ғана сері деп мойындалады, Қолы ашықтығынан қанша қымбат бұйым болғанына қарамастан, көңілі түскен жанға барын тарту ете салатын, өзгелерге жаны ашып, қол ұшын созуға даяр тұратын, жүрген жерін тегіс той-думанға айналдыратын мінездері көпшілік көңілінен шығады. Сол себептен де үй-күйім жоқ деп алаңдамаған. Дүние-мал жимадым деп қам жемеген. Қазақтың қай қонысына құдайы қонақ боп барса да, сый-құрметтен кенде қылмаған.
Ақан серінің өлеңдерінде кездесетін
«Торыны талға байлап мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай» деген жолдар серілік табиғатын сырттай сипаттаса, ішкі жан сырын, көзқаарс-танымын, болмысын ашатын мына шумақтар:
«Адамның біліміне ақыл серік,
Ақыл кен таусылмайтын жанға көрік.
Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер,
Қалай айтып сөйлесең өзіңде ерік».
Иә, мидан шығатын сөз тіл арқылы, санадан туатын өлең қалам арқылы таралады. Өзінің ойы өз миынан шыққан. Демек, серілік қасиетке білімділік те жатады. Өзі осынша білімді болмаса, тіл арқылы миынан мұндай сөздер шыға алмас еді. Сал-серілерге тән тағы бір қасиет – ортада өзін ұстай білуі, айтылар сөзінің орнын, мәнін, жүйесін, ретін жақсы білуі, Әнші-ақындар сері ретінде миынан шығар ойдың орнын білмесе, мұндай шумақтар тілінен шықпаған болар еді.
Біржан сал ұстазым деп дәріптеген Нияз сері, Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Шақшақов секілді тұлғалар да нағыз қазақтың серілеріне тән ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, өлмес өлеңдер қалдырылған. Неше өзен ағып, қанша көл құрғаса да маңызын жоймай әлі күнге халықтың ықыласына бөленіп, ел аузында айтылып жүрген «Илигай» әнінің түпнұсқасын шығарған – Сегіз сері Шақшақов.
Бұл өлеңнің де тұла бойынан серілік қасиеттің жұпары аңқиды. Сүйген қызын «Еңлік-ай» деп еркелетіп, ән арнаған «Сегіз серінің» туындысы дыбыстық өзгеріске ұшырап, бүгінде «Илигай» атауымен танылып кеткен.
«Шақырған соң жаныңа келіп тұрмын,
Екі етпейін сөзіңді дедім, құрбым.
Достық жайда сен тұрсаң, еңлік жан,
Ұмытпасқа уағда беріп тұрмын».
Бір ауыз сөзбен-ақ Сегіз сері атына заты сай серілік табиғатын танытып тұр. Бұрынғының нағыз серілері сертіне адал болып, уәде сөзінің қадір-қасиетін толығымен түсінген. Қаздардың көңілін қалдырмай үшін қолынан келгенін аянбаған, қиылып сұраған өтінішіне бір де бір рет «жоқ» деп айта алмаған. Міне, серілік!
Серілердің салдардан айырмашылығы – олар құс ұстап, тазы ұстап, қыран баптаған. Киімдері де өзгелерден де, бір-бірінен де айрықша болған. Серілер сал секілді оғаш, ерекше, күлкілі киінбеген, сән-салтанатты, өзге стильді киім киген. Бұл сипаттарына да өз өлеңдерінен, олар туралы өзгелер жазған туындылардан көптеп кездестіреміз.
@. @assel_assanova