Әлемді қалай құтқарамыз? Әлем. Әлемді неден құтқару керек? Жауыздықтан, мейірімсіздіктен, қатігездіктен.
Қалай құтқарамыз? Әлемді сұлулық құтқара ма? Сұлулықтан туатын махаббат құтқара ма?
Сұлулыққа қызықпайтын, тамсанбайтын жан болмас. Ал сұлулыққа қызығудан махаббат сезімі туады. Жүрегіне махаббат ұялаған адам жамандыққа, қастандыққа, қайырымсыздыққа бармайды. Анаға, аруға, жарға, балаға деген махаббаты бар жан қандай іске де дайын болып, қолынан келгенін аянбайды.
Махаббат сезімі арқылы ұрпақ жалғастығы орын алады. Бәріміздің өмірлік миссиямыз да осы. Отымызды өшірмей, атымызды алып жүрер ұрпақ дүниеге әкеліп, үлкен азамат етіп жетілдіру. Мұнымен миссиямыз орындалды деуге де болмайды. Соңымызды жалғайтын ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, салт-дәстүрді, патриоттық сезімді бойына сіңіру.
Әлемде қандай жамандық болса, барлығына себепші – тәрбиесіздік.
Кісі өлімі, ұрлық, парақорлық, тастанды бала, ауру бала тууы, зиянды әдеттерден арыла алмау, өтірік айту, өсек айту, тұрақсыздық, жас отбасылар ажырасуы, ешкімге көмектеспеу, тас жүректік, білімсіздік, ақылсыздық, ойсыздық, қамсыздық, пайдасыз істермен уақыт жоғалту, біреуді ұрып-соғу, әлімжеттік жасау – осының барлығы болуына бір себеп тәрбие дұрыс берілмеуі.
Тәрбиесіздік неден туады?
Рухани құндылықтан материалдық байлықты жоғары қойып, бала бақытын қымбат дүниелерге балау. Балаларын қатарынан кем қылмайын деп ақшаның соңынан ергенде, тәрбие жолда қалады.
Ата-ана өзі дұрыс тәрбие көрмегендіктен, бір шаңырақты екіге бөлу.
Әке-шешенің педагогикалық, психологиялық, жалпы білімі аз болуы.
Осы салдардың барлығы балалардың жүгенсіздігіне әкеп соғады.
Қалай тәрибелеу керек? Баланы жастайынан өнерге, шығармашылыққа бейім етіп өсіру. Кішкене кезінен театр, көркемөнерге жақын боп өскен бала есейгенде де әр істен сұлулық және мағына іздеп тұрады. Жаны жақсылыққа толы адамның жүрегінде жамандыққа орын қалмайды.
Әлемді махаббатпен құтқарамыз. Әлемді жақсы тәрбиемен құтқарамыз. Тәрбие әдебиетпен, мәдениетпен беріледі. Әлемді әдебиет құтқарады. Әлемді мәдениет құтқарады. Бұл ұғымдар ешқашан өлмек емес. Жыл өткен сайын жетілу сатысынан өтіп отырады. Осы ұғымдар түгел тұрғанда әлемге еш қауіп жоқ.
Әлем құрымайды. Махаббат барда әлем мәңгі жасайды.