- Негізгі бет
- Шығарма
- Әжемнің жылы қабағы...
Әжемнің жылы қабағы (шығарма)
Редакциядан: Massaget.kz поштасына оқушының әжесі жайлы жазған лебіз-хаты келіп түсті. Жазбаны оқып отырып, ерекше жылылықты сездік. Әжім басқан жүзінен мейірім есетін өз әжемізді еске алдық. Сіз де Аяжанның жүрегінен шыққан сүйкімді жазбаның оқырманы болыңыз.
Апамның аты – Күлсін, оны жақсы көремін. Кішкентайымнан қолымнан жетектеп мектепке апарып-әкелуден шаршамай, бар дәмдіні алдыма қоятын. Маған тәлім-тәрбие беріп, ақылшыма айналды. Сіздердің назарларыңызға біраз қызықты оқиғаларды ұсынғым келіп отыр.
Бірде сынып жетекші сабақтан бізді ерте босатты, апамның келгенін күтпестен күнделікті жүріп жүрген жолыммен үйге жүгіре жөнелдім. Жолдан апамды көріп, бір көліктің артына тығыла қалдым, ал апам болса менің қасымнан төмен қараған күйде бүгжеңдей басып өте шықты. Апамды алдағаныма іштей ризамын, бір іс тындырғандай үйге қарай беттедім. Есіктің алдында апамды біраз күттім – жоқ, тыныш тұра алмайтыным тағы бар ғой, таңертең сабаққа барарда берген 20-30 тиынға бір нәрсе алуға дүкенге кеттім. Қайта оралсам, апамның өңі қашып кеткен, өзі аппақ адам, өңі ақ қағаздай болып кеткен, мені күтіп тұр екен. Көре сала аяғын жылдамдата басып қасыма келді де, "сен қайда жүрсің, іздемеген жерім, сұрамаған адам қалмады, сынып жетекшіңе де бардым, ол оқушыларды ерте жібергенін айтып ақталды", деп есікті кілтімен бұрап ашып жатып, бұл қалай болды деп, сабасына түсе қоймаған ашуын көрсетпей жәй ғана "кір үйге" деді. Мен де мектеп формасын шешіп жатып, апамның әр қимылын бағып тұрмын, ол болса бір нәрселерді айтып міңгірілеп жүр, мына сөзді анық естідім "жоғалып кетсе, әке-шешесіне не айтар едім?".
Содан кейін апам мектепке ерте келіп, күтіп тұратын болды, оған арнайы орындық та қойылды. Апам алтын адам ғой. Жұмсап жүрген тиындар апамның маған дастарханның астына тығып, "мектепке барар кезде, бір нәрсе алып же" деп беретін ақшасы еді. Кей күндері алып жүрген "қаражатым" 50-60 тиынға дейін көтеріледі. Қазір бұл ақшаны "алған бағама ма, әлде жақсы көргендіктен бере ме?" деп ойлаймын.
Апам баланы қатты жақсы көріп тұрса да білдірмейді, іштей риза болып, басыңды сипап қояды. Мен де апамның жан-дүниесін зерттеп жүрем, ылғи бір нәрсе ойлап табамын, демалыс күндері цирк ойыншысы секілді диванға шығып жүретінді шығардым, тіпті шкафтың үстіне де өрмелей алатынмын, апам – сол сахнаның көрермені, ол жанын шүберекке түйіп, мені төбеден түсірудің амалын ойлап отырады. Ақырын басып қасыма келіп, "сен ақылдысың ғой" деп, ақылын айтып, мені түсіріп алатын.
Біздің үй қонақтан бір босамайды. Сенбі, жексенбі ата-анам, нағашыларым келеді, барлығымыз шуылдасып мәз болысып қаламыз. Апам олардың айтқан әңгімелерін тыңдап болған соң, "енді біздің де қызығымыз бар, тыңдаңдар" дейді, барлығын отырғызып қойып, жасаған бұзық қылықтарымды айтқанда, мені әке-шешеме жамандап, болмаса мақтап жатқанын түсінбей қалатынмын, сөзінің соңында оларға қарап, "қыздарыңа қой деп ақыл айт" деп қоятын.
Апамның достары да көп, жақсы адамға бәрі жақын ғой. Өзі қандай жайлы, мейірімді болса, құрбылары да сондай, мен де олармен доспын, себебі мен де апаммен олардың үйлеріне қыдырып барамын, аулаға бірге шығамыз, олар отырып әңгімелеседі, ал мен әткеншек тебемін. Ол кісілерге бауыр басып кеттім, енді олар менің апамның ғана емес, менің де достарым. Апам олармен амандасқанда, бір қалжың айтып құшақтасып амандасып жатқанын көргенім бар. Мен де сол кісіге еліктегенім болар, апамның құрбыларының артынан келіп, құшақтай алып, шошытатынды шығардым. Олар да оған үйренді ме, "е тәйірі, сенбісің?!" деп қоя салатын.
Сіздер "бұл неге адасып жүр" деп ойлап отырған шығарсыздар: ата-анам Алматыға арман қуып келген көп жастың бірі. Осы жерде кездесіп, отау тіккен. Бастарында пәтері болмаған соң, мені нағашы апама береді. Жоғарыда айтқандай сенбі, жексенбі күндері біз үшін себепсіз той, өйткені туған-туыстарымыз болып бәріміз жиналамыз, үй иесі тамақ мәзіріне кіріседі, қалғандары көмектеседі, сөйтіп үлкен дастархан жайылып, әңгіме-дүкен құрады, жан-жақтан қосылған балалар болса, мәз-мәйрам болып шуға басады.
Бұл әңгімелерді апамның жүрегіне жазылған кітаптың үзіндісінен жазып отырмын. Алғашқы өлеңім Қазақ ұлттық университеті газетіне «Ана» деген тақырыппен жарыққа шығып еді. Газет қолыма тие салысымен, апама апардым. Нағашыларымның барлығы оқып жатыр, дауыстарында бір қуанышты діріл толқыны сезіліп-ақ тұр. Апам газетті сұрап алып, төрт бүктеп қалтасына салып жатып, қалтасының сыртынан алақанымен сипап қояды. "Бұл – менің Аяжанымның жазғаны" деп күбірлеп отырғаны байқалып тұр. Сол кезде апамның әр қимылын бақылап өскендіктен бе, оның жүзінен маған деген ризашылық пен мақтаныш сезімін іштей сезіндім.
Аяжан Сағидолда,
№ 169 мектеп-лицейінің
10-сынып оқушысы