- Негізгі бет
- Шығарма
- Қош келдің,...
Қош келдің, алтын күз!
Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп.
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.
Жаңбырлы суық күнімен көпшілікті жауратар күз де келіп жетті. Жерге сән беріп тұрған сарғайған жапырақтар, аспанда түнеріп тұрған қара бұлт - бәрі-бәрі осы күз мезгілінің нышандары. Алай-дүлей соғып тұрған суық жел мен адамдар ғана емес, ағаш басындағы жапырақтар да жаурайтындай көрінеді. Күздегі табиғат көрінісі өз алдына ерекше бір картина іспеттес. Күз десе, менің көз алдыма бірден саябақ елестейді. Ұзын көшені алып тұрған саябақ, жерді жаулаған жапырақтар, отырғыштар... Құлаққа жағымды тыныштық. Жанға сая болар, шаршаған көңіліңді басар табиғат аясы. Жалғыз мені ғана емес, бұл көрініс кез келген адамның жүрегіне таңба салары анық.
Құрбым екеуміз көз жауын алар алтын саябақ бойымен асықпай жүріп келеміз. Тоңып қалдық. Жаурасақ та үйімізге оралғымыз келмейді. Керемет көрініс иесі атанған осы саябақтың өзі бізді жібергісі келмейтіндей. Саябақта айтарлықтай көп адам жоқ болатын. Біз күтетін таң да жаздағыдай ғажап, әппақ болмайтыны өкінішті. Күн де жаз мезгіліндегідей нұрын шашпайды. Ар жақ бетте балалар асыр салып ойнап жүр екен. Бір-бірлерін қуалап жүгіріп мәз болып жүр. Олар көріністі емес, аяқ астында желге ұшып тұрған жапырақтарды қызық көріп жүр. Жапырақтардан гүлдер жасап жатыр екен, оларға жақындай бергенде кішкентай бала жүгіріп келіп құрбым екеумізге жапырақтармен әсемделген гүлді ұсынып кетті.
Біраздан соң көк аспаннан күннің көзі көріне бастады. Мәз болғанымыз соншалық, күн жылынады деп үміттендік. Жанымыз күн нұрын қатты сағынғандай... Балалар да көз алдымызда алақайлап жүр. Өкінішке орай бұл үміт ұзаққа созылмады. Қара бұлт күңіреніп күнге қарай жақындай берді. Күн көзі жойылып күллі аспанды бұлт басып, жаңбыр сіркірей бастап, кейін шелектеп құйды. Құрбым екеуміз жаңбыр жауатынын білгендей қолшатырымызды бірге алып шыққан едік. Қолшатырымызды ашып дереу екеуміз үйге қарай жүгіре жөнелдік. Жолда пайда болған көлшіктерге де қарамай шылп-шылп басып келеміз. Үйге де жетіп қалдық. Үстіміз малмандай су болып үйге кіре бергенде жаңбыр да сап тыйылды. Күздің бүгінгі күні бізді расымен де таң қалдырды. Біз үшін күз - ең керемет мезгіл. Күздің көрінісі қашан да көз алдымда сақталып қалады. Күздегі көріністі көз алдыңда тұрған дайын картина деп елестетуге болады. Бұл мезгіл маған түрлі ой да әкеледі, күңіренген күн болса да жанымды жадырата алады. Бұл мезгіл таңғажайып табиғатымен ерекше.
Жолдаған: Кенжеғали Кәмшат
Ж. Исакаев