- Негізгі бет
- Шолу
- Зейнетақы қорының мобильді...
Зейнетақы қорының мобильді қосымшасының мүмкіндіктері
БЖЗҚ АҚ халыққа зейнетақы қоры туралы ақпаратты жеткізу жұмыстарын дамыту мақсатында мобильді қосымшасын дайындады. Жаңа қосымша арқылы қор қызметіне байланысты кез келген сұрағыңызға жауап ала аласыз.
Қазақстан Республикасының кез келген азаматы мобильді құрылғысы арқылы БЖЗҚ ресми қосымшасына тіркеліп өзінің жинақтары туралы мәліметтерді толық ала алады. Жеке кабинеттен мына салалар бойынша нақты ақпараттар табуға болады:
– БЖЗҚ-дағы өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттарды қарау;
– зейнетақы шартын жасау;
– болжамды зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеу;
– зейнет жасына толуына немесе мерзімсіз 1 және 2 топтағы мүгедектігін белгілеумен байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті беру;
– төлемге берілген өтініштің мәртебесін қадағалау немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару;
БЖЗҚ операциялық қызметті үйлестіру және ілеспе қызмет көрсету басқармасының бастығы Амренов Нұрланның айтуынша, мобильді қосымшаның негізгі мақсаты халыққа қажет ақпаратты ашық түрде беру. Десе де, болашақта БЖЗҚ АҚ өзінің мобильді қосымша арқылы зейнетақы салымдарын жасау мүмкіндігі қаралып жатқаны айтылды. Бұл халықтың өз уақытын үнемдеуі үшін жасалуға тиіс жобалардың бірі деп қарастыруға болады.
"Қазіргі таңда, мобильді ақпаратпен қамту жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында арнайы көліктермен ауылдық аймақтарға барып, зейнетақы қоры туралы түсіндіру жұмыстарын жургізу алға қойылады",– дейді Амренов мырза.
БЖЗҚ маманының айтуынша, мобильді ақпаратпен қамту жобасы Талдықорған, Қостанай және Атырау қалаларында бірінші болып ұйымдастырылады.
Ж. Өрісбай