YouTube балаларға арналған нұсқасын жасау үстінде

YouTube балаларға арналған нұсқасын жасау үстінде

YouTube видеохостингі он жасқа дейінгі жас қолданушыларына арнап сайттың жаңа нұсқасын жасап, балаларға арналған видеоконтентті тарату үшін провайдерлермен келіссөздер жүргізу үстінде, деп хабарлайды The Information.

Басылым таратқан ақпарат бойынша, жобаның мақсаты – ата-аналардың өз балаларына қауіпсіз видеоконтент ұсына алатындай сайт жасау болып отыр. Жұмысшы топтың жоспары бойынша, YouTube-тің балаларға арналған нұсқасы жеткіншектердің аудиториясына арналмаған видеороликтер мен пікірлерден таза болмақ.

Дегенмен балаларға арналған контентті YouTube әлі де пысықтап, жетілдірмек ойда. Яғни бұл жобаның іске асуы жақын арада орын алуы екіталай.

Қазіргі болжам бойынша, жас қолданушылар жаңа сайтқа қосылу мүмкіндігі шектеулі канал немесе арнайы қосымша арқылы кіре алады делінеді.  

Digit.ru хабарлағандай, YouTube видеохостингінде қазірдің өзінде «қауіпсіз» көру қызметі бар. Оны қосқан кезде, қолданушылардың өздері теріс пиғылдағы контент деп таңдаған материалдарды көруге шектеу қойылады. Одан бөлек, видеоқызмет мектептерге арналған танымдық видеороликтері бар YouTube EDU нұсқасын да іске қосты. Алайда аталған екі нұсқада да әртүрлі мазмұндағы жарнама көрсетілетіндіктен, видеоконтентті тек жастарға арналған деп айта алмайсыз.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: revolverlab.com

Б. Қосмағамбет