"Яндекс" балалардың ең көп іздейтін сұрақтарын жариялады

"Яндекс" интернет-компаниясы балаларды қорғау күніне орай олардың интернетте қандай ақпараттарды көп іздейтінін жариялады. 

Балалар сұрақтарының арнайы статистикасы компанияның ресми блогында пайда болды. Сондай-ақ компания "Яндексті" қолданушылардың арасында балалардың үлесі он пайыз екенін де анықтапты. Бұл жерде балалар дегеніміз 18 жасқа дейінгілер аталып отыр. Сонымен қатар олар ересектермен салыстырғанда "Яндекске" төрт есе көп сұрақ қоятын болып шықты. 

Сонымен 18 жасқа дейінгі қолданушылардың сұрақтары көбіне оқумен байланысты екен: "үшбұрыштың ауданын қалай табуға болады?", "Вий нені көтеруді сұрады?". Одан бөлек, ойындар және технологиялар бойынша, "youtube-тен видеоны қалай жүктеуге болады?", "пойыз үстімен жүгіретін ойын қалай аталады?". "Метафора" мен "эпитет" сөздері де көп ізделген екен. 

Ер балалар көбіне компьютерлер мен ойындарға қатысты сұрақтарды қойса, қыздар жағын оқу мен сән әлемі қызықтырады екен. Қызық жәйт, компания хабарлағандай, ер балалардағы алғашқы сезім жетінші сыныпта пайда болса, ал қыздарда ол бесінші сыныпта басталады екен. Осыған байланысты қыздар "жігіттерге ұнайтыныңды қалай білуге болады?" деп сұраса, ер балалар "қалай сүйісуге болады?" деп бас қатырады екен.    

Компания қолданушылардың жыныс және жас айырмашылығын "Яндекс.Крипта" жарнамалық құралының көмегімен анықтаған көрінеді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: habrahabr.ru