Видеоқоңырау болашағы
COVID-19 пандемиясы адамзаттың күнделікті тіршілігіне кедергі келтіріп қана қоймай, келешекте дамуы тиіс дүниелерді де аңғартты. Оның бірі – денсаулық саласы болса, оған қоса технологияның да кемшін тұстарын байқатты.
Коронавирустан қорғану мақсатында карантин жарияланып, елдердегі жоғары оқу орындары мен мектептер қашықтан оқу жүйесіне көшті. Кей маман иелері де үйден қызмет жасауға көшті. Қазақстанда да оқушылар телеарналар мен арнайы білім беру ресурстары арқылы қашықтан оқыса, студенттер онлайн білім алуда. Мұндайда керек болатын басты сервис – интернет және видеоқоңырау.
Видеоқоңырау қашықтан онлайн оқу үшін ғана емес, жұмыс барысы үшін, туған-туыспен хабарласу үшін де қажет. Үйде отырған халық арасында сұраныс артты. Әсіресе, Zoom Video Communications бағдарламасы танымал болып шыға келді. 50 миллионнан асық рет жүктелген. Microsoft компаниясы дерегі бойынша наурыз айында видеоқоңырау шалу статистикасы 21-ден 43%-ға өскен. Slack (корпоративтік мессенджері) өкілдері өздеріне бір айда 12,5 миллион адам тіркелгені жайлы ақпарат таратты.
Видео арқылы әлемнің кез келген бұрышындағы адаммен сөйлесу ертеректе футурологиялық пайым мен болжам саналатын. Қазір өмірімізге дендеп еніп кетті. Өзіміз де аңғармай қалсақ керек? Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Ал коронавирус видеоқоңырау болашағын жақындата түскендей. Себебі қазір компаниялардың көбі осы бағытта жұмыс жасауды бірінші орынға қоя бастады.
Өндірушілер нарыққа жаңалық алып келуді көздейді. Қазірдің өзінде кей компаниялар жасанды интеллект көмегімен таңқаларлық дүниелер жасап шығаруды қолға алған. Видеоқоңыраулар күннен-күнге шынайы бола түспек. Виртуал нақтылық пен голограмма дәуірі басталмақ.
- Болашақта видеоконференциялар сапалы әрі виртуал шындыққа жанасымды болады. Мұны Pokémon Go дәлелдеп те берді. Келешекте әріптестеріңіз алыста болса да, видеоқоңыраулар арқылы жаныңызда жүргендей болатынын елестетіп көре беріңіздер, - дейді Condeco халықаралық қызметтер фирмасының директоры Ник Робсон.
Келешекте видеоқоңырау шалу қандай болады?
Голографиялық қоңырау
Жоғары жылдамдықтағы 5G желісі технологияның бұдан ары дами түсуіне серпін бермек. Қазіргі смартфондардың функциялары да арта түседі. Осының нәтижесінде голографиялық қоңырау шалу мүмкіндігі пайда болады.
Verizon телекоммуникация және Korean Telecom компаниялары 2017 жылдан бері голографиялық қоңырау шалуды тәжірибеден өткізіп келеді.
Виртуал нақтылық
Қазіргі стандарт виртуал кездесулер VR-технология көмегімен бұдан да дами түседі. Конференцияға қатысушылар тіпті бір-бірімен виртуал ортада тілдесе де алатын болады.
Интерактив жүйе
Қазір компаниялардың көбі видеоқоңырау шалу функциясын дамыту жоспарын жүзеге асыруға күш салуда. Қолданушылар басқа бағдарламаны ашпай-ақ бір-бірімен кішігірім бейнероликтер, құжаттар мен фото алмаса алады. Ол үшін басқа платформаға өтпейді.
AR технология
Виртуал әлем арқылы тілдесуді дамытуға бағытталған стартап жобалар көп. Келешекте арнайы көзілдірік арқылы шын әлемдегідей тілдесу де мүмкін болып жатса, таңданбасаңыз болады. Тіпті құшақтасып көріскендей сезім сыйлауы да ғажап емес.
Адамзат тас дәуірінен бастап, техника дамыған дәуірге қарай алшаң басып барады.
Н. Үсенова