Көрісу күнінде нөпір халық қол алысып, жадыраған көктемде кесірім тисе кешір деп өкпелеген бауырдан шын жүрекпен кешірім сұрап жатыр. Ал, Ұлыбританияда жұлдыз ақты. Жай жұлдыз емес, адам аяғының астына емес, аспанға, жұлдыздарға қарау керек деп аспан әлемінің жаңалығын жаһанға жария қылған британдық астрофизик Стивен Хокинг дүниеден озды. Адам бойындағы қабілетке, қызығушылыққа ешқашанда ештеңе кедергі бола алмайды екен. Адам тумысынан дарынды болса, өмір өткеліндегі сынақтардың өзі дәрменсіз болмақ. Дәлел қылып көрсетер кейіпкердің кім екенін біліп отырсыз. Тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сап-сау дарынды жігіт 22 жасында ауыр жағдайға тап болды. Амиотрофтық склероз сал ауруына әкеліп соққаннан кейін Стивен амалсыз арбаға таңылды. Дәрігерлердің жүргізген зерттеуі бойынша бұл өмірде оның тек екі жарым жылы қалған. Өмір сүруге деген құлшыныстың арқасында қолдан келгеннің бәрін істедік тіркесін ұран қылған сала өкілдерінің зерттеу нәтижесі жоққа шықты. Керісінше, тағдырдың бұл сынағы жас ғалымды қайрай түсті. Нәтижесінде, физика саласында толайым табысқа жетті, шаңырақ көтерді, балалы-шағалы, ғұмырлы болды. 1980 жылы сәтсіз жасалған отаның кесірінен ғалым енді сөйлей алмай қалды. Дәрігерлер қолдарынан келгендерін жасады. Осы оқиғадан кейін ол тек арнайы дыбыс синтезаторы арқылы тіл қатты. Хокинг бұл құрылғыны қимылға икемі бар жалғыз саусағымен басқарған. Ал, 2012 жылы оның дерті асқынып бара жатқаны белгілі болып, денсаулығы жиі сыр беріп жүрді. Қазақ арасында Стивен Хокингтің есімі 2017 жылдың аяғында жиі айтылды. Оған себеп, Тараздың тумасы Исаак Мустопуло қазақстандықтардың абыройын асқақтатып ғалыммен кездесті. Туғаннан сал ауруына шалдыққан Исаак арбаға таңылса да, дәл Стивен сияқты ғылым жолында еңбектенуді тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде, физика саласындағы кезекті байқауда Үйлесім теориясы атты жобасымен жеңіске жетіп, мақтау қағазын аларда ұлыбританиялық ғалым Стивен Хокингпен кездескісі келетінін жеткізген еді. Әсет Есекешов бастаған топ бала арманын орындауға барын салды. 2017 жылдың 6 қазанында қазақстандық азамат ғалыммен кездесіп, тағдырлас тұлғалар бір үстелдің басында әңгіме өрбіткен еді. Стивен Хокинг ғұмырында жасанды сана деген ұғымға қарсы болды. Оның пайымдауынша, робот жасау кәсібі қазіргідей жалғаса берсе, болашақта адамдар роботтарға тәуелді болып, соларға жұмыс жасайды. Бұл адамзат үшін үлкен трагедия болмақ. Америкалық миллиардер Илон Масктың пікірі бойынша бүгінгі құрылғылар жаңа технология емес, қара технология болуы мүмкін. Стивен Хокинг дәл осы тұжырымды жөн көреді. Сонымен қатар, бұл ойға қарама қайшы әрекет жасап жатқан Google, Facebook компанияларына қарсы екенін де талай жеткізді. Стивен Хокинг бұған дейін адамдардың таяудағы 1000 жылда Жер бетін тастап, ғарыштан басқа мекендейтін орын таппаса жойылып кетуі мүмкін екенін айтқан. Мұндай болжамды ғалым Сиднейдегі опера театрында өткізген дәрісінде мәлімдеген еді. Сонымен қатар зерттеуші, уақыттың, жер жүзінің және ондағы қара тесіктердің мәселесін көтерген. 1942 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген физик ғұмырының басым көпшілігін ғылымға арнады. Он екі мүшесі түгел, тәні сау адамның өзі байқамайтын басындағы алтын тәжді Хокинг кие алмады. Есесіне, тарихқа аты алтын әріппен жазылып қалатындай жүздің бірінің ғана қолынан келетін үлкен еңбектер жазып қалдырды. 2018 жылдың 14 наурызы. Сананың алғырлығына тоқтау болғысы келмей, ғалымның кеудесінде 77 жыл тоқтаусыз соққан өміршең жүрек тым-тырыс ұйқыға кетті.