Еуропа ядролық зерттеулер орталығындағы Үлкен адронды коллайдер жабылды. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, коллайдер жөндеу жұмыстарын қажет еткендіктен, қызметін уақытша тоқтатып отыр.
Таратылған ақпарат бойынша, субатомдық бөлшектерге жасалатын тәжірибелер келесі жылы жалғасатын болады.
Айта кетелік, коллайдердегі ақаулар осыдан 4 жыл бұрын байқалған болатын. Құрылғы содан бері ешқашан толық қуатпен жұмыс жасап көрмеген.
Осы орайда Будкер атындағы ядролық физика институтының қызметкері Алексей Масленников сұхбат беріп, жөндеу жұмыстарынан кейін коллайдердің жұмысы жақсарып, әлемге белгісіз болып келген элементарлық бөлшектердің табылуы мүмкін екендігін айтты.
Үлкен адронды коллайдер
Орталықтың осы уақытқа дейін ашқан ең маңызды жаңалығы - ғалымдар "Құдайдың бөлшегі" деп атап кеткен Хиггс бозоны болып табылады.
Айта кетелік, Массагет бұған дейін Үлкен адронды коллайдерде эксперименттер өткізіп жатқан физик ғалымдардың бұрын-соңды адамзат баласы эксперимент түрінде ала алмаған жаңа ұсақ бөлшекке қол жеткізіп отырғандарын айтқан болатын.
Бұл бөлшек ғалымдардың аузында 1960 жылдан бері жүрген Хиггс бозонына ұқсайтындығы және айтылды.
Ұсақ бөлшектердің заманауи теориясы бойынша, Хиггс бозоны әлемнің кез келген нүктесінде кездеседі әрі элементар бөлшектердің массасына жауап береді. Бұл бөлшектің бар екендігін 60-жылдары алғаш рет Питер Хиггс болжап кеткен еді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: taba.ru, Массагет мұрағатынан