Facebook-тың негізін салушы Марк Цукербергті сотқа беруімен танылған ағайынды Тайлер және Кэмерон Уинклвостар (Tyler and Cameron Winklevoss) әлеуметтік желілерге қайта қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы The Daily Mail хабарлады.
Ағайынды Уинклвостар кәсіби инвесторларға арналған SumZero әлеуметтік желісіне миллион доллар құймақ. Желі 2008 жылы Гарвард университетінің түлектері Алап Махадевиа (Aalap Mahadevia) мен Дивиа Нарендраның (Divya Narendra) мұрындық болуымен ашылды. Сайт басқару компаниясының мамандарына бағытталған. Желінің қазіргі мақсаты "инвестициялық идеялармен бөлісуге жағдай жасау".
SumZero-ның ерекшелігі оған тіркелу туралы сұраныстар қолмен қаралады. Айта кетелік, сайт жұмыс жасаған 4 жыл ішінде оның қолданушыларының саны 7500-ға жетті. Дегенмен мамандар желінің жұмысы Facebook-тың алғаш кездегі жұмыс жасау принципімен ұқсас екендігін айтуда. SumZero-ның тұрақты офисы 2012 жылдың қазан айында Манхэттен қаласында ашылады.
Ағайынды Уинклвостар идея авторларының бірі Нарендрамен студент кезінен бері таныс. Нарендра, сонымен қатар, Цукербергке қарсы сот істері кезінде Уинклвостарға көмек көрсеткен. Нәтижесінде арыз берушілер Марктан 65 миллион доллар көлемінде компенсация өндіріп алған болатын. Facebook-тың сол кездегі құны 15 миллиард доллар болды. Компанияның қазіргі бәсі 47 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Айта кетелік, аталған кикілжіңдер 2010 жылы жарыққа шыққан "Әлеуметтік желі" фильмінде айқынырақ көрініс тапқан.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: upspecial.ru