- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Трамвайдың ерекше түрлері...
Трамвайдың ерекше түрлері
Өзге қалада бола қалсаңыз, қала көркі сізді қызықтырары сөзсіз. Бар сырын ішіне бүгіп жатқан бейтаныс қаланың таңғажайып орталықтары мен ерекше тыныс-тіршілігін жаяу жүріп бақылап, немесе қоғамдық көлікке мініп қыдыруыңыз әбден мүмкін. Бүгін біз сондай қоғамдық көліктің бірі – трамвайдың ерекше түрлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ең көне трамвай, Рио-де -Жанейро
Рио-де-Жанейро мен Санта Тереза аралығында қатынайтын трамвайдың бұл түрі ең көне болып есептеледі. Санта Тереза тарихындағы ерекше оқиға да осы трамвайдың электр тоғы арқылы қатынауы болатын. Бүгінгі таңда бұл қоғамдық көлік түрінің сыртқы түрі мен түсіне ешқандай өзгерістер енбеген, яғни Бразилия халқының «ұлттық тарихи ескерткішінің» бір түрі болып саналады. Туристер үшін басты қызығы да – есігі мен терезесі болмайтын трамвайдан (толық жүріс кезінде) кез келген жерден секіріп түсіп қалуыңызға болады. Тек абай болсаңыз болғаны. Жол жүру құны 0,30$ құрайды.
"Музыка мекені" саналатын трамвай, Лиссабон
Лиссабондық №28 бағытта қатынайтын трамвайдың фанерлы вагондары 100 жыл бұрын да дәл осындай болған. Бұл трамвайға мінсеңіз, салонда орналасқан арқаншаны тарту арқылы аялдамадан түсетініңізді ескертесіз. Бағыттың барлық бағдары тар көшелер мен тұйық бұрылыстарды басып өтеді. Бір қызығы маусым айында трамвайға отырсаңыз, жергілікті әншілер әні мен португал романстары әуенінің куәсі боласыз. Жол жүру құны 1,40 € құрайды.
Нағыз "ағылшындық" трамвай, Гонконг
Екі қабаттан тұратын гонконгтық бұл трамвайлар ХІХ ғасырда пайда болған ағылшындық көлік түрінің нұсқасына ұқсайды. Бірақ Ұлыбританияда мұндай трамвайлар 1960 жылы қолданыстан алынып тасталған болатын. Ал Гонконгта әлі бар. Аса қатты асықпайтын трамвай түрі болып та табылады. Бағыттың бағдары 15 минуттан 1,5 сағатқа дейін созылады. Екінші қабатына отырсаңыз, қаланың қайнаған тіршілігін байқайсыз. Ал мұнда жол жүру құны 0,25$ тұрады.
Нағыз экологиялық таза трамвай, Виктор-Харбор
Аустралияның оңтүстігінде гранитті Виктор-Харбор аралы бар. Аралдың бір ерекшелігі – ергежейлі пингвиндердің мекені де болып табылады. Аралдың табиғаты мен таңғажайыптарын насихаттау барысында 1956 жылы құрлық пен арал арасында бөгет салынып, одан кейін атты трамвай жолы іске қосылған. Бұл ерекше атты трамвай жолы 650 метрге созылып жатыр. Жол жүру құны 6,5 $ құрайды екен.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Cурет: transphoto.ru, redigo.ru