Toyota әлем бойынша тағы 2 миллионнан астам көлігін қайтарып алмақ

Toyota әлем бойынша тағы 2 миллионнан астам көлігін қайтарып алмақ

Toyota компаниясы әлем бойынша тағы да көліктерінің бір партиясын қайтарып алатын болды. Бұл жолы 2000-2004 жылдары аралығында зауыттан шыққан 2 миллионнан астам автокөлік қайта жөндеуден өткізілмек.  

Оған көліктерге қауіпсіздік жастығын жасау кезінде жіберілген жаппай қателік себеп болып отыр. Егер ол жөнделмесе, жастық көлік ешқандай апатқа ұшырамаса да кез келген уақытта жарылып, тіпті өртеніп те кетуі мүмкін екен. Осыған дейін әлем бойынша бір көлік осындай оқиғаға да тап болыпты. Сонымен бұл жолы компанияның Toyota Corolla, Alphard, Opa, Allex, Ipsum, Noah және тағы да басқа ең танымал 19 моделінен жалпы саны 2,27 миллион көлік зауытқа кері қайтарылып, қайта жөндеуден өткізілмек.    

Осыған дейін осыған ұқсас мәселеге жапондық Honda, Mazda және Nissan көлік өндіруші компаниялары да ұшыраған болатын.

Айта кетейік, бұл Toyota-ның биылғы жылғы көліктерін қайтарып алу бойынша тұңғыш науқаны емес. Осыған дейін де 450 мыңдай Sienna маркалы минивэн мен сәуір айында тағы да 6,39 миллиондай көлік құрастыру кезінде жіберілген қателіктер кесірінен қайтарылатыны белгілі болған еді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: autoevolution.com

Б. Қосмағамбет