Көлік иелері жылына екі рет дөңгелек шиналарын ауыстырып, үлкен шығынға батып жатады. Әрине, барлық кезеңге арналған дөңгелек шинаны сатып алып, ақша үнемдеуге болады. Бірақ, көлік жөндеу орталығының мамандары әр кезеңге арналған шиналарды пайдалануға кеңес береді. Және де олардың айтқанын ескермеуге болмайды. Өйткені жолдағы басты қағида - қауіпсіздік.
Автосүйерлерге айтар жақсы жаңалығымыз бар. Жақында көлік иелерін "Қандай шиналарды сатып алам, оны қашан ауыстырам?" деген сұрақтар мазаламайтын болады. Бұл сауалдарды шинаның өзі шешіп бермек.
Неміс ғалымдары ауа-райының жағдайы мен жолдағы келеңсіздіктерді, әртүрлі факторларды ескеріп, қасиеті өздігінен өзгеріп отыратын шиналардың жобалауын қолға алды,- деп хабарлайды Newsru.com порталы.
Жақында Ганноверде өткен өндірістік жәрмеңкеде осындай шинаның прототипі көрсетілді. "Ақылды" шинаның ішіне орнатылған арнайы датчиктер жолдың қасиетін ескеріп, ауа-райының жағдайына байланысты шинаның өзгеруіне "бұйрық" беріп отырады. Осының негізінде дөңгелек шинаның протекторы, яғни суреті мен профилі автоматты түрде өзгере алады. Тіпті көлік жүріп келе жатқанда да, шиналар өз қасиетін өзгерте алады.
"Ақылды" шиналардың өндіріске қашан шығаты белгісіз.
Сурет: odessashina.com