- Негізгі бет
- Шолу
- Thuraya SatSleeve –...
Thuraya SatSleeve – өз iPhone-ды спутниктік смартфонға айналдыр!
Ұялы телефондар адамзат ойлап тапқан ең үлкен жетістіктердің бірі екені анық. Ол арқылы жергілікті торап бар жерде әлемнің кез келген бұрышына байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Алайда, ұялы телефондардың басты кемшілігі оның бағасы мен қызмет түрлерінің қымбаттығы болып отыр. Себебі әр оператор өз бизнесі жолында жергілікті тораппен қамтамасыз ету үшін бірнеше спутниктік антенналарды орналастыруға мәжбүр. Ал өз кезегінде олардың бағасы да арзан емес. Сондықтан олар біраз ақшаны өз клиенттерінен алуды ұйғарады. Бірақ уақыт өте келе бұл мәселе де шешімін табатын сыңайлы. Яғни жаңа технология бағаны төмендетпек.
Мұндай жаңалықтардың бірі ретінде жақында ғана жарық көрген iPhone-ға арналған қапты айтуға болады. Қап өзіңіздің стильді смартфоныңызды әп-сәтте спутниктік телефонға айналдыра алады. Мұндай ғажайып қаптарды жасаумен ірі операторлардың бірі Thuraya айналысыпты. SatSleeve аталған өнім әзірге тек iPhone 4 және 4S смартфондарына арналған. Қап смартфонмен Bluetooth технологиясы арқылы байланысып, иесіне хабарламалар мен дыбыстық қоңырауды спутник арқылы жіберуге мүмкіндік береді.
Оның артқы жағында арнайы батырма орналасқан. Оны басқаннан кейін қап пен телефон арасында байланыс орнайды. Бұл әрекет орындалғаннан соң, телефоныңызға қондырылған Thuraya қосымшасын (приложение) іске қосып, пайдалана берсеңіз болады. Бұл арнайы қосымша телефонды спутниктік байланыс құралына айналдыруға мүмкіндік береді.
SatSleeve қабының астыңғы жағында қуаты 2400 мА/сағ болатын өзінің арнайы аккумуляторы орналасқан. Себебі спутникпен байланыс көп қуат алатыны бар. Алайда бұл аккумулятор қосымша қуат көзі ретінде саналады. Қаптың немесе телефонның қуаты бітіп жатса, екеуін бір-біріне қуаттандырғыш ретінде де пайдалануға мүмкіндік бар.
Жоғары технологиялы қапты ойлап тапқан Thuraya iPhone 5 смартфондарын қолдай алатын жаңарған қап жасауды жоспарлап отырған көрінеді. Сондай-ақ Thuraya таяу арада өз өнімдерін танымал Android-телефондарына да арнамақшы. Оған қоса тағы да бір қызықты жаңалықпен бөлісе кетейік. Компания қаптың Wi-Fi сымсыз технологиясымен жұмыс істейтін нұсқасын жасаумен айналысуда екен. Ол жүзеге асып жатса, пайдаланушылар жылдамдығы 0,5 Мбит/с болатын спутникті интернетпен әлемнің кез келген нүктесінен, мейлі ол Сахара не Антарктида болсын әлеуметтік желілерде әңгімелесіп немесе қалаған сайтына кіре алатын мүмкіндікке ие болады.
Әзірге Thuraya спутниктері Жер шарының жартысын ғана қамтып отыр. Байланыс Америка мен полюстерде, сондай-ақ Оңтүстік Американың кейбір аймақтарында ғана орнаған жоқ. Бірақ бұл мәселе де жақын арада өз шешімін табады деп сенеміз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gadgetblog.ru