- Негізгі бет
- Шолу
- Техно. Эволюция: Ақпарат...
Техно. Эволюция: Ақпарат тасушылары
Қазіргі адамның өмірі ақпарат тасушы техникасымен тығыз байлынысты болғандықтан, күнделікті өмірімізде ақпараттың шексіз көлеміне тап боламыз. Ол ақпарат қарапайым фотоаппаратта қолданылатын жады картасында, көлікте орналасқан аудио ойнатқышқа арналған CD тасушысында, тіпті өткен ғасырдың 80 жылдары пайда болған бейнетаспада сақталуы мүмкін. Әрине, соңғысы қазіргі таңда өте сирек кездесетін техно құрылғы болғанымен, оның адам баласына ұзақ уақыт қызмет жасағаны жайлы ұмытпағанымыз жөн.
Компьютеріңіз жоғары сапалы бейнефильмдерге толы шығар? Ал бір он шақты жыл бұрын адам баласына ақпаратты сақтап, оны бір жерден екінші жерге тасымалдау үшін 3 дюймілі дискета да жетіп жататын. Ол дискетаның не екенін көбіміз білмейміз де. Қолданушылардың ақпаратты жадыда сақтау сұранысы адам баласын ақпарат сақтаудағы жаңа алгоритмдерді ойлап табуға итермелеп отырды, техника да бір орында тұра бермейтінін сіз бен біз жақсы білеміз.
Бүгінгі біздің әңгімеміз ақпарат тасушылардағы эволюция, яғни олардың даму жолы жайлы болмақ.
Алғашқы ақпарат тасушының рөлін қағаздан, ағаштан сондай-ақ, пластиктен жасалған төртбұрышты перфокарта атқарды. Алғашқы ақпарат тасушы ХІХ ғ. пайда болған. Сол кезде компьютер жайлы еш әңгіме де болмағанымен, француз өнертапқышы Жозеф-Мари Жаккардтың тігін машиналарында қолданыс тапқан перфокарталар қазіргі заманауи "флешкалардың" атасы деуге толықтай негіз бар. Екеуі де белгілі бір ақпаратты сақтап отырды. Перфокарталардың көмегімен тігінші ою-өрнектің суретін бағыттап отырды. ХІХ ғ. 30 жылдарында перфокарталар Чарльзя Бэббидждің алғашқы есептеуіш машиналары мен Семен Корсаковтың механикалық құрылғыларында пайдаланыла бастады. Өлшемі 187,325 × 82,55 мен қалыңдығы 0,178 мм болатын сандар қатары жазылған және белгілі бір орындарында тесіктері бар перфокарталардың осындай түрі IBM компаниясымен қолданысқа 1928 жылы жіберілді. Перфокарталар өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін қолданылғанымен, адамның ақпарат сақтаудағы сұранысты толықтай қанағаттандыра алмады. Кейін перфокарталарды пластикалық дискеталар ығыстырып жіберді.
Дискетаның иілгіш магнитті диск екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Магнитті диск механикалық бұзылудан сақталуы үшін пластикалық корпуспен және ферромагниттік қаппен қапталды. 1967 жылы IBM компаниясының зерханасында диаметрі 8 дюйм болатын алғашқы дискета пайда болды. Ал 1971 жылы сыйымдылығы 80 килобайт болатын ақпарат тасушы көпшілікке көрсетілді. Уақыт өте келе, дискеталардың өлшемдері кішірейіп, сыйымдылығы арта түсті. Осылайша 1991 жылға таман 3,5 дюймілі көлемі 1,44 мегабайттық дискета пайда болды. Өкінішке орай, дискеталарды берік ақпарат тасушы деп атауға болмайтын. Оған бірнеше себеп болатын. Атап айтсақ, дискеталардағы магниттік лента магнит өрісінің кесірінен магниттелініп істен шығып отыратын. Дисководтарда да дискеталар жиі-жиі бұзылып қалатын. Бір сөзбен айтқанда,, дискеталардың ғұмыры ұзаққа бармады. Әр заттың өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар.
Ақпарат тасушылар дәуіріндегі келесі қадам - оптикалық дисктер. Дисктен ақпараттың оқылуы оптикалық сәулелену процесі арқылы жүзеге асады. Осындай құрылғылардың алғашқы үлгілері бейне мен аудионы сақтау үшін қолданылатын. Оптикалық дисктердің алғашқы даналары өткен ғасырдың 70 жылдарында пайда болды. Оптикалық дисктердің екінші ұрпағына 1996-1997 жылы пайда болған DVD дисктерін жатқызуға болады. Өлшемдері кәдімгі CD дисктеріндей болғанымен, олардың ақпаратты сақтау сыйымдылығы әлдеқайда үлкен болды. СD мен DVD дисктерінен ақпаратты оқуға, сондай-ақ бір немесе бірнеше мәрте ақпарат жазуға болатын мүмкіндікті атап кету керек. Ал қазір оптикалық дисктердің үшінші ұрпағы кең қолданысқа еніп барады. HD DVD мен Blu-ray "форматтар соғысында" екіншісі басым түсті. Бүгінгі таңда мұндай дисктің біреуі 23,3 тен 128 гигабайтқа дейін ақпаратты сақтай алады. Мұндай мүмкіндік дискте қолданылатын "қабаттар" санына байланысты. Қаншама ақпаратты сақтай алғанымен, мұндай дисктердің бір өте үлкен кемшілігі бар. Олар механикалық бұзылуға төтеп бере алмайды. Тіпті, дискке иненің ұшындай дақ немесе сызық түссе, ақпараттың бұзылуы орын алуы мүмкін. Бұған қоса, ақпаратты дискке көшіру жылдамдығы көп жағдайда қолданушылардың көңілінен шықпайды, қайта жазу циклдері де дисктің параметрлеріне қатты тәуелді боп тұрады. Осының салдарынан дисктердің орнын басу үшін ақылгөйлер 100 мың көшіру/өшіру циклға дейін жұмыс істейтін флеш-жадыларды ойлап тапты.
1984 жылы Toshiba компаниясының инженері Фудзио Масуока флеш-жадыны ойлап тапты. Коммерциялық қолданысқа арналған алғашқы флеш-чипті Intel компаниясы 1988 жылы шығарды. Қазіргі таңда флеш жадылар ұялы телефондарда, фото,бейнекамераларында, мобильді құрылғыларда, компьютерлерде қолданылып келеді. Флеш жадылардың көлемі мен өлшемдері әр түрлі болады. Қазіргі таңда флеш-жадылар жүзден астам гигабайт ақпаратты сақтай алады. Қазіргі кезде қарапайым "флешка" үйдің кілті секілді әр адамның қалтасынан таба аласыз. Бұған таң қалудың қажеті жоқ.
Жоғарыда айтылған барлық ақпарат тасушылар ажыратылмалы болған. Енді компьютерлерде іштей орнатылған, яғни қатқыл дисктер жайлы айтып кетсек.
Қатқыл дискте орналасқан қатты пластиналардың беті ферромагнетиктің қабатымен қапталған. Көп жағдайда қатқыл диск компьютердің ішіне орнатылады. Алғашқы қатқыл диск IBM компаниясының инженерлерімен 1956 жылы құрастырылды. Көлемі бар жоғы бес-ақ мегабайт болды. Қазіргі заманауи терабайттық дисктермен салыстыруға келмейді. Уақыт өте келе, қатқыл дисктердің көлемі үлкейді, өлшемдері сәйкесінше кішірейіп отырған. Заманауи дисктер 3 терабайтқа дейін ақпаратты сақтай алады. Алда жады тағы үлкейетініне сенімдіміз...
Суреттер: alreader.kms.ru, ddriver.ru