Таяу болашақтың бізге берер сыйы

2007 жылы бірегей iPhone-ның жарыққа шығуынан соң смартфондардың одан арғы эволюциясы әбден түсінікті: үлкен экран, қуатты процессор, ұзақ уақыт бойы автономды жұмыс істеу, интернетке жылдам кіру және жоғары кеңейтілімдегі камера мен көптеген қосымшалардың болуы. Бірақ соңғы техникалық жетістіктер жақында смартфондардың эволюциясында түбегейлі өзгеріс болатынын көрсетеді. Сонымен, алдағы 5 жылда смартфондарда пайда болатын 15 функция.

Трикодер


Bluetooth 4.0 көптеген тетіктердің шығуына себепші болды: биомедициналық (мәселен, артерия қысымы), физикалық (жүріп өткен қашықтық) экологиялық (температура, ылғалдылық), бірақ олардың әрқайсысы жеке қосымшаны талап етеді. Samsung кейбір тетіктерді Galaxy S4-ке орнатып қойды, бірақ бес жылдан соң олар тым ескі болып көрінуі мүмкін. Осы онжылдықтың соңында біз тетіктерді кез келген жерде алып жүретін боламыз: аяқ киімде, көзілдіріктерде, белдікте, сағатта – олар денеміздің барлық өзгешеліктерін бақылауға және қоршаған орта жағдайы жайлы толық білуге мүмкіндік береді.

Көз бен дауыс кілт сөз қызметін атқарады


Көпшілік болжағандай, Apple қазірден бастап саусақ ізі бойынша кілт сөз орнатуды бастады – мұндай қызмет iPhone 5S нұсқасында да болуы мүмкін, бірақ 2018 жылға қарай телефон ID ретінде көз торын қолдана алатын болады – бұл «көз сканерлеуі» не болмаса «көз тамырларының биометрикасы» деп аталады. Аталған жобаны жүзеге асырумен EyeVerify компаниясы айналысуда.

Әңгіме телефон жайлы болғандықтан, аутентификатор қауіпсіздігі рөлін дауыс атқарады және мұндай модель бүгінде бар – Қытайда шыққан Baidu-Lenovo A586. Сонымен қатар, Карнеги-Меллон университетінде қауіпсіздіктің дыбыстық технологиясы жасалуда – кілт сөзге айналатын әріптік-сандық реттілік.

32-Core процессорлары

Смартфонға орнатылатын әрбір қосымша белгілі бір қуаттағы процессорға оңтайландырылған, Мур заңына сәйкес смартфондар кейін өте жұқа болады және процессор ядролары 32-ге дейін артуы мүмкін - ARM мен Intel арасындағы бәсекелестік жаңа микроархитектураның пайда болуына әкеп соғуы әбден ықтимал. Осылайша, 5 жылдан соң смартфондар бүгінде қуатты саналатын компьютерлерден де едәуір қуаттырақ болады.

Фотоаппараттар


Бес жылдан соң заманауи фотоаппараттар бүгінде бізге алғашқы телефондар секілді ескі болып көрінеді. Сандық камералар жойылады, олардың орнына адам көзі секілді жұмыс істейтін яғни лезде бір нүктеге топталатын, объектілерді бақылайтын әрі жарық жағдайына бейімделе алатын есептеу камералары жарыққа шығады. Алғышарт ретінде Nvidia шығарған Chimera-ны айтуға келеді.

Фотосурет пен видеоның айырмашылығы HTC One-дағы Zoe секілді (фотосуреттің сипаттамасы болатын үш секундтық шағын ролик түсіруге болады, сонымен қатар, сәтті түсірілім жасауға көмектеседі: сәт таңдаудың орнына, сіз жәй ғана бірнеше рет түсіресіз)  функциялардың арқасында жоғалады.

Иілгіш экрандар


Көптеген адамдар жақында иілгіш экрандардың шыға бастайтынын айтады – бұл болжам қазіргі технологияларға негізделген: мәселен, Samsung-тің YOUM OLED-і мен Corning-тің Willow Glass-і. Алайда болашақта смартфонның екі жағы да дисплеймен жабдықталуы әбден ықтимал. Немесе екіге бөлуге болатын үлкен бір экран шығады. Смартфон экраны полимер тәрізді жаңа материалдардың арқасында иілгіш болады.

Трансфлективті сұйық криссталды дисплейлер


Трансфлективті сұйық криссталды экрандар күн сәулесін қайтарады немесе өздері жарқырайды. Сәйкесінше, күн жарығында көмескі жарықтың қажеті жоқ, ал күн көзі жарқыраған кезде, сурет анық көрінеді. Бірақ, бүгінде аталған дисплейлер өте қымбат және жарық жетпеген кезде контрасты төмендейді, сондықтан әзірге ешбір смартфон өндірушісі бұл технологияны қолдана қоймайды.

Дегенмен, аталған технология өте жақсы және алдағы бес жыл ішінде оған қатысты проблеманың шешімі табылатыны сөзсіз.

Мәңгілік батарея


Бүгінде қарқынды даму үстіндегі екі технология бар. Нақтырақ айтар болсақ, тірі жасушалардың энергия шығаруы: олар энергияны апта бойы еш қуаттаусыз өндіре алады. Сутек жасушаларынан энергия алу технологиясын Apple компаниясы ROHM жартылай өткізгіштер өндірісімен айналысатын Aquafairy және Киот университетімен бірлесе отырып жасауда.

Мүмкін екінші технологияның келешегі бар шығар – литий-йонды микробатареялар жасау: Иллинойс университетінің қызметкерлері жаңа батареялардың өнімділігі заманауи литий-йондылардан 2000 есе жоғары екендігін айтады. Жаңа батареялар көзді ашып-жұмғанша зарядталып болады, ал оның қуаты аккумуляторы отырып қалған автокөлікті оталдыруға жетеді.

Сондықтан 2018-ші жылы ешкім батарейкасының отырып қалғандығына шағым айта алмайтын болады.

Смартфондар барлық нәрсеге кілт болады


NFC әзірге онша танымал емес, ал құлаққаптарды немесе осы секілді басқа да құрылғыларды қолдайтын NFC мүлдем сирек кездеседі. Бұған қоса, әлі күнге дейін мобильді әмиян жоқ – мүмкін адамдар ақшаларының қауіпсіз жерде болатынына әлі сеніңкіремейтін шығар, дегенмен, Apple өнімдерінде әйтеуір күндердің бір күнінде NFC-тің пайда болатыны сөзсіз. Ерте ме, кеш пе біз дүкенде сатып алған заттарымызды смартфон арқылы төлейтін боламыз, сонымен қатар, біз оның көмегімен қоғамдық көліктерде жүріп, қонақ үй нөмірлері мен өз үйіміздің есігін ашатын боламыз. Жалпы 2018 жылға дейін смартфон карталар мен кілттердің орнын толықтай басады.

Ғимарат ішінде тұрған қалыпты анықтау


GPS-тің көмегімен сіз ірі мегаполисте, қала маңында немесе орман ортасында жолыңызды таба аласыз, ал кейбір технологиялар соның ішінде RTLS адамды сауда орталығында, ауруханада, әуежайда немесе кеңседе іздеуге мүмкіндік береді. Ғимараттың ішін қамти алмайтын GPS-ке қарағанда, смартфоныңызға орнатылған IPS бөлмеде тұрған қалпыңызды анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда IPS стандарттары әлі де анықталмағанына қарамастан, In-Location Alliance соңғы жылдары осы бағытта жұмыс істеуде.

Су өткізбеушілік


Liquipel, Hz0 (WaterBlock) және P2i (Aridion) компаниялары гидрооқшаулау технологиясымен соңғы бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мәселен, Motorola телефондардың кейбір нұсқаларына P2i жасаған SplashGuard технологиясын қолданады.

Смартфондардың су өткізбеушілігі – бұл тек уақытша мәселе.

Wi-Fi-дың барлық жерде таратылуы


2018 жылға қарай үйден шығып, ұшаққа отырып, басқа бір құрлыққа ұшып кетсең де жеке өзіңнің сымсыз желіңде қалу мүмкіндігі пайда болады.

Wi-Fi Alliance компаниясы Wireless Broadband Alliance-пен және де ұялы телефон операторларымен бірлесе отырып, әлемнің кез келген жерінен Wi-Fi-ға қауіпсіз түрде қосылуды қамтамасыз ететін Passpoint-ті ұсынуға дайындалуда. Бұдан былай қолжетімді сымсыз желілер тізімін айналдыру болмайды. Passpoint интернетке қосылуды ұялы телефон желісіне қосылғандай етіп оңайлатпақ.

Дизайн


2018 жылға қарай смартфондар түбегейлі өзгереді: CPU сағат, белдік немесе аяқ киім немесе Google Glass тәрізді болып көрінуі мүмкін.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: photo.99px.ru, publy.ru