Тарихтағы ең алғашқы Porsche көлігі таныстырылды

Porsche компаниясы оның негізін қалаған Фердинанд Поршенің өз қолымен жасаған тұңғыш автокөлігін көпшілік назарына ұсынды. Көлікті таныстыру Германияда, Штутгарт-Цуффенхаузендегі мұражайда өтті. Бұл көлік электр жетігі көмегімен қозғалған екен. Көлік Egger-Lohner немесе жай ғана P1 деп аталды. 1898 жылы жарыққа шыққан көлік жақында ғана Австрия еліндегі гараждардың бірінен табылды. Ол бұл жерде 1902 жылдан бері сақталған көрінеді.  


ВВС мәліметінше, 22 жасар Фердинанд Порше бұл модельді Jacob Lohner компаниясы үшін құрастырған екен. АҚШ-қа барған сапарынан соң фирма иесі Людвиг Лонер жылқылар мен арбалардың дәуірі өткендігіне көзі жетіп, Фердинанд Поршеге электр жетекті көлік жасап шығаруға өтініш білдірген. Порше болса, көлікке электромотор қойып, оны сағатына 34 шақырым жылдамдықпен қозғалтатындай жетістікке жетеді. Машина аккумулятор көмегімен жұмыс жасап, ал жүру қашықтығы 80 шақырымды құраған. Сондай-ақ автокөлік 12 сатылы беріліс қорабымен қозғалған.

  

P1 тұңғыш рет Австрия көшелеріне 1898 жылдың 26 маусымында шығады. Ал 1899 жылдың 28 қыркүйегінде өткен Берлин жарысында модель ең энергия үнемдегіш автокөлік деп танылды. Жарысқа қатысушыларға көлігіне төрт адамды отырғызып, 40 шақырым жолды жүріп өтуге тапсырма берілген. P1 көлігі мәрені бірінші болып кесіп, одан кейінгі көлік мәре сызығын тек 18 минуттан соң кескен екен.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: porche