- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Сумен жүретін көлік...
Сумен жүретін көлік
Еңселі елордамыз Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесіне төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі елдер өздері ойлап тапқан соңғы технологияларын алып келіп жатыр. Әрине, көрме шарты бойынша олардың барлығы да баламалы энергия көзімен жұмыс істеуі қажет. Әлбетте, кейбір елдер күн көзінен қуат алатын, екінші бір елдер электр энергиясымен жүретін көліктерін алып келуде. Шынын айту қажет, аталмыш энергия көздерімен жүретін көліктерді бұрын өзге мемлекеттер де ойлап тапқан. Сондықтан бұл анау айтқан жаңалық емес. Көпшілік те ол көліктерге аса таңдана қоймады. Оның екінші бір себебі, электр, күн энергиясымен жүреді деген көліктер жылдамдық, қуаттылық талаптарына сай шықпауда. Мәселен, Ресей мемлекеті алып келген «Vesta EV» көлігі электр энергиясымен жүреді екен. Алайда, оны күніне 8 сағат қуаттандыру қажет. Қуаттаудың бұл әдісі тым көп уақытты алады. Қала берді, ол сағатына бар-жоғы 120 шақырыммен ғана жүреді.
Ал ЭКСПО-да ең таңданарлығы Жапониядан әкелінген «Тойота» компаниясының өнімі болып тұр. Аталмыш концерн әкелген көлік сутегімен жүреді екен. Компания өкілі өз көліктерін таныстыру барысында концерннің сутегімен жүретін экологиялық таза автомобильдерді шығаруды бастағанын жариялауда. Көліктердің ерекшелігі — экологиялық жағынан өте таза. Яғни, қоршаған ортаға мүлде зияны жоқ. Оның атауы – «Mirai». Ол жапон тілінен аударғанда «Таза болашақ» деген мағынаны білдіреді. Айтпақшы, «Таза болашақ» трассаның жүйрігі атануы да мүмкін. Жүрісі өте жылдам. Егер біреуін иемденсеңіз, көлігіңізге суды құйып алып, санаулы күнде Қазақстанды аралап шығуға болады. Ал оның қозғалтқышындағы суды жолда ыдысыңызға құйып алып, шай демдеп, терлеп-тепшіп ішіп жүре берсеңіз де болады. Себебі, ғалымдар аталмыш көліктің моторындағы суды құйып алып, құрамын тексеріпті. Сөйтсе, «Mirai-дың» «жүрегінен» алынған су өте таза, қайнаған су болып шыққан. Демек, бұл нағыз шайқор қазекеңдерге керек көлік.
Оның қуаттылығы 153 аттың күшіне тең. Егер бұл көлікті алғыңыз келсе, әзірге тек Жапония мен Еуропадан ғана сатып ала аласыз.
@. @assel_assanova