- Негізгі бет
- Шолу
- Су бетіне салынған...
Су бетіне салынған смарт-үй
Британдық EcoFloLife компаниясы ерекше құрылымға ие смарт-үй ұсынды. Waternest 100 атауына ие болған үй судың бетінде құрылады.
Бұл арнайы судың жағасында өмір сүргісі келетіндер үшін жасалған. Сонымен қатар, смарт-үй яхтада демалуды жөн көретін адамдарға таңдау құқығын береді. Себебі эллипс пішінді жаңа үй судың бетінде қалқып жүзе алады.
Британдықтар ұсынған модуль яхтадан әлдеқайда қолайлы көрінеді. Ал өзіне қажет электр қуатын үйдің төбесіне орнықтырылған Күн батареяларынан алады. Күн панельдерінің жалпы ауданы – 60 шаршы метр. Бұл күніне 4 кВт генерациямен қамтамасыз ете алады.
Танымал италиялық сәулетші Джанкарло Зема смарт-үйді алюминий мен қайта өңделген ағаштан салған. Үйдің биіктігі – 5 метр, ал ені 10 метрге жетеді. Жалпы үй құрылымында жуынатын бөлме, ас үй, жатын бөлме мен қонақ күту бөлмесі бар. Джанкарлоның айтуынша, үйдің қабырғаларын өзгертуге болады. Үй иесі смарт-үйді өз қалауынша мейрамхана немесе кеңсеге айналдыра алады.
Смарт-үйді кез келген тынық су алқабына тұрғызуға болады. Тек ауа-райы қоңыржай болуы тиіс. Ал құрылыс бағасы – 54 000 АҚШ доллары.
Ж. Өрісбай