Голландиялық Waterstudio дизайн-студиясы су бетінде қалықтаған Citadel атты таунхаус жобасымен таныстырды. Бұл жоба ONW/BNG GO құрылыс компаниясы үшін жасалған екен. Ерекше дизайнды пәтерлер алдағы жылдың басында салынады деп жоспарланып отыр.
Тұрғын үй 60 пәтерден тұрады. Олар су бетіндегі 8 мың шаршы метр аймаққа орналасатын болады. Аталған нысан жағаға кішкене көпір көмегімен қатынас жасамақ. Тұрғын үй кешенінде көлік тұрақтарына да орын қарастырылған.
Енді Citadel жобасының құрылыс технологиясына келер болсақ, бірінші ол құрғақ жерде негізі қаланады. Үй құрылысы аяқталғаннан кейін ғана ол жерге ақырын су жіберіліп, аудан суға толатын болады. Кейін ол жердің тереңдігі 3,6 метрді құрайды деп есептелінген. Құрылыс нысанын өлшемі 73х128х3 м болатын темірбетонды, кессонды (су астында жұмыс жасауға және де су өткізбеу арналған ауаға толы, жасанды құрылым) қабат көтеріп тұрады. Сондықтан үй тұрғындары судың қозғалысын мүлдем сезбейді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gizmag.com