- Негізгі бет
- Шолу
- Смартфондар нарығындағы соңғы...
Смартфондар нарығындағы соңғы өзгерістер
Бүгінгі нарықта Sony, HTC, Samsung және LG сынды көшбасшы компаниялардың тұрақтылығы әлсіреп келеді. Оған Қытайдың өндірістік стартап компаниялары себеп болып отыр. Бұл әлемдік нарықтағы бәсекелестіктің арта түскенін білдіреді.
Бір қызығы соңғы жылдары аталған төрттіктің ішінде тек LG компаниясының ғана табысы артып келеді. Ал қалғандарының табысы әзірге шығынынан артылмай тұр. Айта кетсек, жақында HTC компаниясының басшысы Шер Вонг HTC брендті смартфондарының енді шықпайтынын ресми хабарлады. Артынша аталған компания акцияларының құны бірден 5,79%-ға төмендеп кетті. Бұл компания тарихындағы ең төмен көрсеткіш болып отыр. Оның нарықтағы үлесі небәрі – 1,4%. Бүгінде қытайлық компанияны сатып алуға Amazon, TCL, Samsung және Xiaomi сынды компаниялар қызығушылық танытуда.
Samsung-тың жағдайы да қуантарлықтай емес. Ғаламтордағы ресми емес ақпаратқа сүйенсек, бүгінге дейін S6 және S6 Edge гаджеттерінің 10 миллион данасы ғана сатылған. Бұл өткен жылғы осы квартал көрсеткішінен 20%-ға төмен. Ал екі жыл бұрынғы сатылымнан 40%-ға аз. Оңтүстіккореялық компанияның нарықтағы шығыны S5 смартфонының сатылымынан басталған болатын. Samsung нарықтағы ең үлкен өндіруші компания болып табылса да, соңғы екі жылда табысты бола алмады. Егер осы көрсеткішпен S7 флагманы таныстырылатын болса, компания смартфондар нарығымен мәңгіге қоштасатыны мәлім болып отыр.
Sony туралы да қысқа қайырған жөн. Жапониялық компания алдымен Xperia Z4 өнімін таныстырып, сосын дәл сол техникалық мінездемемен Z3+ смартфонын нарыққа шығарды. Бұл компанияны сәтті сатылыммен қамтамасыз ете қоймады.
Әйткенмен де смартфондар нарығында тұтынушылар саны артып келеді. Онда неге сатылым деңгейі төмендеуде?
Мұның бәріне стартап компаниялар мен жаңа брендік өнімдер себепші болып отыр. Атап айтқанда Huawei, Xiaomi, Meizu, Oppo және OnePlus сынды өндірушілер нарықты біртіндеп жаулап алудың тәсілдерін ойластыруда. Қысқа уақыт мерзімінде, ешкімге белгісіз брендтер танымал бола бастады. Себебі олар нарықтағы кез келген смартфоннан кем түспейтін сапаға ие өнім шығарып, оның бағасын да салыстырмалы түрде екі-үш есе арзандатуда.
Осы сынды әлемдік нарықтағы төңкерістік өзгерістер әр 10 немесе 20 жылда болып тұрады. Мысалы, өткен ғасырда америкалық IBM корпорациясы ең алпауыт өндіруші болып саналатын. Ал қазір оның нарықтағы жүрісі мүлде байқалмайды. Atari компаниясы да нарықтан келмеске кетті. Ендеше алдағы 20 жылда Samsung немесе LG компаниясының орнын қазіргі қоғамға белгісіз стартаптар басуы бек мүмкін.
Ж. Өрісбай