Жақында американдық марскезбесінің бортында орналасқан зертхана Жер бетіне сенсациялық ақпарат жеткізді. Ол бойынша Марс топырағының құрамында өте көп мөлшерде су бар болып шықты.
Олар бұл жаңалықты арнайы құрылғылар топырақ үлгісін қыздырып, кейін одан су буының бөлініп шыққанын көргеннен соң ашып отыр. Осыған қарап, Curiosity жобасына қатысып жатқан НАСА ғалымдар тобының мүшесі Лори Лешин ғаламшар бетіндегі топырақтың әр келісінің 2%-ына дейін су болады деген батыл тұжырым жасап отыр.
«Ал мұндай топырақтың бір текше метрінде бір литрге дейін су болуы мүмкін. Оны топырақ үлгісін жүздеген градусқа дейін қыздырып барып су буы ретінде алуға болады. Мұндай топырақ Марс бетінде жеткілікті. Сондықтан бұл біз үшін нағыз сенсациялық жаңалық»,-дейді ғалым.
Қазіргі кезде Curiosity Шарп тауына қарай бет алып барады. Ол Гейл кратеріндегі ең биік тау саналатынын айта кетейік. Аппараттың жылдамдығы бар болғаны күніне ондаған метр ғана.
Ал оның басты мақсатына келер болсақ, Марс ғаламшарының орталық экваторына дейін жетіп, сол жердегі қоршаған ортамен танысу болып отыр.
Осы орайда Curiosity аппаратына қатысты тағы да бір жаңалықпен бөлісе кетейік. Бүгін белгілі болғандай, АҚШ үкіметінің мемлекеттік бюджет дауына байланысты өз жұмысын тоқтатуына байланысты НАСА агенттігі де уақытша қызметін доғарды.
Осылайша НАСА агенттігі қызметкерлерінің 97 пайызы кезектен тыс демалысқа кетуге мәжбүр болды. Мекемеде тек Халықаралық ғарыш бекетіндегі ғарышкерлер мен олардың қауіпсіздігіне жауап беретін мамандар ғана қалып отыр. Сонымен бірге, Curiosity де қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болыпты. Ал егер үкімет жұмысы әзірге жанданбайтын болса, онда Марсқа аттанатын Maven аппаратының да ұшырылу жұмысы кейінге шегерілмек. Айта кетейік, Maven 18-қарашада Қызыл ғаламшар бетіне аттанады деп күтілген еді. Ал жобаның жалпы құны 670 миллион долларды құрайды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: mirfactov.com