- Негізгі бет
- Шолу
- Сапалы ас үй...
Сапалы ас үй комбайнын қалай таңдаймын?
Тұрмыстық техника сататын дүкендерде ас үй комбайндарының түр-түрі бар. Олардың жинақы және бірнеше қызметтерді қатар атқаратын, қуаты әртүрлі, тостағаны металдан, пластиктен немесе шыныдан жасалған деген сияқты әртүрлі модельдері ұсынылады. Осылардың арасынан дұрыс техниканы қалай жаңылмай табуға болады? Бұл сұраққа аталған техниканың сипаттамалары мен құрылымына және қызмет атқаруына сараптама жасай отырып, жауап беріп көрейік.
Комбайнның тостағаны
Ас үй комбайнының өміршеңдігі ондағы тостағанның материалына тікелей байланысты.
Металл тостағаннан жасалған ас үй гаджетінің қызмет ету мерзімі өте ұзақ. Сәйкесінше металдан жасалған тостағаны бар комбайнның бағасы да қымбатырақ болады;
Пластик тостаған – ең танымал әрі арзан тұратын құрал болып табылады;
Ал шыныдан құйылған тостаған негізінен тек экологиялық жағынан таза материалдарға иек артатын адамдар үшін арналады.
Әдетте, машина жиынтығында үштен кем емес тостаған болады. Сондай-ақ, олардың аузын қақпақтары жауып, тостаған ішіндегі астың жан-жаққа шашырамауынан, оның ішіне қажетсіз нәрселердің түсіп кетуінен қорғайды.
Қуаты
Тостағанның көлемі неғұрлым үлкен болған сайын соғұрлым аспаптың да қуаты жоғары болуы тиіс. Көлемі 1,5 литр болатын кішкене тостағанға қуаты 300 Вт комбайн сәйкес келсе, ал 5 литрлік көлемге 1500 Вт болуы шарт.
Егер сіз тұшпара не болмаса кеспе дайындауға тығыз қамыр илегіңіз келсе, онда оны айналдыратын комбайнның да қуаты жоғары болуы міндетті.
Саптама (насадка)
Бірнеше қызметті атқара алатын ас үй комбайндарындағы саптамалар саны өте көп. Оларды сатып алған кезде жинақтаманың ішінен таба аласыз. Жоқ болған жағдайда, дүкеннен өзіңізге қажет саптама түрін жеке сатып алуыңызға да әбден болады.
Аспаптың қауіпсіздігі
Әдетте, ас үй комбайндары өзіне шамадан артық күш түскен жағдайда оны автоматты түрде өшіріп тастайтын сақтандырғыштармен жабдықталады.
Ас үй комбайндары арасындағы ең үздік деген модельдер
Біз сіздер үшін ас үй комбайндары арасынан ең үздік деген модельдерді таңдап алдық. Олар сіздің асыңызды дәмді етіп, оның берекесін кіргізеді деп сенеміз. Сонымен таныс болыңыздар:
1. Bosch MUM 5 Styline MUM 56340. Металл тостағаны бар, барынша жетілдірілген, қазіргі заманғы ас үй комбайны. Bosch моделінің ішіндегі үздіктердің үздігі. Оның жинақтамасына саптамалардың бірнеше түрі кіреді.
Bosch MUM 5 Styline MUM 56340
Комбайнды шырын жасауға да, ет тартуға да қолдана беруге болады. Бұл моделдің бағасы қымбат болғанымен, оның сапасы мен қызмет етуі оны толықтай ақтайды.
2. Philips HR7778. Текше формасындағы ас түрлерін дайындауға мүмкіндік беретін комбайнда әртүрлі салаттар, сорпаның бірнеше түрі мен көкөністерден жасалатын астың түр-түрін дайындай аласыз. Бұл моделдің көмегімен сіз кез-келген ас өнімін кесіп, турап, тартып немесе сығуыңызға болады. Аспаптың қуаты 1000 Вт. Бағасы салыстырмалы түрде арзанырақ.
Philips HR7778
3. Kenwood FPM 270. Сыртқы көрінісі жағынан келгенде өте әдемі көрініп, ас үйіңіздің ажарын кіргізетін, бірнеше қызметті қатар жасайтын күші бар комбайн. Стандартты жинақтамадан тыс онымен бірге түрлі дәмдеуіштерге арналған диірмен қоса ұсынылады.
Kenwood FPM 270
Моделдің қуаты 750 Вт. Одан бөлек, бұл ас үй комбайнының көмегімен үй жағдайында жемістерден шырын сығуға болады.
Сөз соңында сіздерге арнап ас үй комбайндары жөнінде бірнеше кеңестерді ұсына кетейік:
- Өзіңіз және отбасыңыз үшін ас үй комбайнының қандай қызмет түрлері қажет екенін және қайсысының артық екенін нақтылап алыңыз. Себебі, өзіңізге қажет емес қызметі бар комбайндарға ақша жұмсаудың қажеті шамалы.
- Пластикалық шыныдан жасалған тостағаныңыз сынып қалса, оны желімдеудің қажеті жоқ. Себебі, оған жапсырылған желім асыңызға араласып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, қауіпсіздік үшін жаңасын сатып алғаныңыз жөн.
- Саптамаларды тек қорабында жазылған нұсқаулық бойынша пайдаланыңыз. Олай етпеген жағдайда аспабыңызды бүлдіріп алуыңыз ғажап емес.
- Комбайнды пайдаланбайтын кезде оны міндетті түрде қорабына салып қойыңыз. Сондай-ақ, корпусын үнемі шаң-тозаңнан тазалап тұруды да ұмытпаңыз.
- Сапалы комбайнды сатып алу арқылы кейін сіз басқасына қайтара қаржы жұмсамайсыз. Бірнеше аспапқа ақша төлегенше, сапалы біреуін алғаныңыз әлдеқайда тиімді болмақ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: alfa.kz
Б. Қосмағамбет