Астраханьдық конструкторлар көлемін өзгерте алатын Е-Трайк электромобилін жасап шығарды.
Жобалаушылардың айтуынша, бір ғана батырманы басу арқылы көліктің көлемін 1,5 есе кішірейтуге болады. Осы себепті жол тығындарынан жол тауып, тар жерлерде көлікті қою оңай болады.
Көлік авторы Константин Артемьев бұл электромобильдің тағы бір ерекшелігі ретінде онда берілу қорабының жоқтығын айтты.
Жүргізуші рөлдің орнына кәдімгі джойстик пайдаланса, көлік жүру үшін іштен жану моторын емес, электр қозғалтқышын пайдаланады. Осылайша жоба бір жағынан қоршаған ортаның таза сақталуына себеп болса, екінші жағынан өте тыныш жүрісі арқылы айналаға жайлылық сыйлайды.
Көлік 1,5 айдан кейін қала көшесіне шығады. Оған дейін автор басқару диспейлін орнатып, есік орнатамын деп отыр. Е-Трайктың максималды жылдамдығы сағатына 100 километр шамасында.
Авто максималды жылдамдықпен жүрер болса, аккумулятор заряды 150 километр жүруге жетеді. Жобаның бір кемшілігі батареяны қуаттауға көп уақыттың кететіндігі.
Көлік иесі трансформер электромобилін 1,5 миллион рубльге (7.5 миллион теңге) сатуға дайын екендігін айтуда. Бірақ құрастырушылар инвестор табылып, көлік конвейрге түсер болса, оның бағасы екі есе азаяды деп отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: volgograd.kp.ru, today.kz