Ракты жеңген миллиардер Twitter-ден аккаунт ашты

Ракты жеңген миллиардер Twitter-ден аккаунт ашты

Өткен жексенбі күні 82 жастағы америкалық миллиардер Уоррен Баффет Twitter-ден аккаунт ашты. Баффет сайтқа @WarrenBuffett деген никпен тіркелді.

Berkshire Hathaway инвестициялық холдингінің басшысы бұл туралы Небраска штатындағы университеттердің бірінде қоғамдағы әйелдердің рөлі туралы сөйлеген сөзі кезінде айтты. Бірнеше сағаттан кейін оның жаңалықтарына 150 мың адам жазылып үлгерген. Қазірге дейн миллиардердің жазбаларын оқуға 252 692 адам жазылып қойған. Дегенмен Баффеттің өзі ешкімнің посттарына жазылмаған.

"Отбасым маған енді 19 ғасырда қалып қойған адамсың деп айта алмайтын болды", - деп күлді миллиардер.

Айта кетелік, Баффет технологиялық компанияларға инвестиция тарту жағына көп  мән бере бермейді. Ол бұл ісін аталған саладағы білімінің жеткіліксіздігімен байланыстырады. "Мен бұл салада орын алатын құбылыстарды сақтандыру немесе өнеркәсіптік компаниялардың болашағын анықтағандай дәл айтып бере алмаймын", - деді ол. Инвестордың кабинетінде тіпті компьютер де жоқ екен. Дегенмен Баффет гаджеттерді тек үйінде, онлайн ойындар ойнау үшін пайдаланады.

Уорренді 2008 жылы Forbs журналы әлемдегі ең бай адамдардың тізімінің ең басына орналастырған болатын. Бизнесмен қазір 53,5 миллиард долларымен бұл тізімде төртінші орында тұр. Қоса кетелік, Баффет дәл айтылған экономикалық болжамдары үшін әлемге "Омахалық Оракул" деген атпен кеңінен танымал.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет бұған дейін Уоррен Баффеттің рак ауруының бетін қайтарғандығын айтқан болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ria.ru

Massaget