Соңғы 5 жылда интернет кеңістігінде подкасттар кең таралып, түрлі платформада бөлек қалыптасып келеді. Мұндай эффектіге бірнеше фактор әсер еткен. Бұл туралы Huawei Media Hub аясында ресейлік медиаменеджер Николай Турубар айтып берді.
Николай Турубар 2004-2006 жылдары Bluetooth технологиясының Ресейдегі амбассадоры атанып, оны насихаттап, таралуына атсалысты. Сонымен қатар, подкасттардың дамуына үлес қосты. Ол еріктілер өз подкастын жасай алатын кәсіби студия ашып, тегін платформа жасады. Алайда, ол кезде подкаст радиодағыдай танымал болмады.
Оның ойынша, қазір подкасттардың жандануына смартфондардың көпфункциялы қабілеті, сапалы болуы әсер етті.
«Бұрын бір подкаст жасау үшін сапалы микрофон, дыбыс жазу студиясы керек болды. Сосын оларды жариялаудың машақаты да болды. Қазір бұлардың орнын бір смартфон басып кетті. Яғни қымбаттау смартфоның болса, подкаст жасау қиын емес.
Подкасттардың дамуында тағы мына факторлардың да үлесі бар: онлайн білім алу, стрим, аудиохат, аудиокітап. Яғни адамдар онлайн білім алу үшін подкасттың ыңғайлы екенін түсініп, стримнің аудиоформатын сезініп, аудиохат арқылы дауысты тыңдауға машықталды. Бірақ подкасттың біз әңгіме ететіндей танылуына интернеттің арзандығы әсер етті», - дейді ол.
Турубардың айтуынша, подкаст – монетизацияға ыңғайлы формат.
«Бұрын мен подкастты енді бастағанда бірінші сөйлемде жарнама қосатын болдым. Яғни тура радиодағыдай промо джингл қолдандым.
Сондай-ақ «Next» атты хип-хоп радиостанция менің жігіттерге арналған подкасттар сериямды өз эфирлеріне қолданғысы келетінін айтып, екіжақты келісімшарт жасадық. Осылай да радиомен бірігіп, монетизация жасауға болады.
Қазір жарнаманы натив етіп шығарып, түрлі амал-тәсілін ойлап тауып жатқандар бар. Қысқасы, жарнама үшін ыңғайлы формат дер едім».