- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Павлодарда балабақша есепшісі...
Павлодарда балабақша есепшісі жұмыс істемейтін адамға жалақы төлеп келген
Павлодарда балабақша есепшісі мекемеде жұмыс істемейтін адамға жалақы төлеп келген, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мамандары қаржылық құқықбұзушылық деректерін анықтаған.
Басылым мәліметінше, мектепке дейінгі екі мекеме қызметкерлерінің еңбекақысының есептелуі мен аударылуын жоспардан тыс тексеруге жеке тұлғалардың өтініштері негіз болған.
"Тексеріс барысында балабақшалардың бірінің есепшісі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін бұзып, осы кәсіпорында жұмыс істемейтін адамға алты ай ішінде негізсіз жалақы аударып келген, сондай-ақ, басқа да төлемдер жасаған. Келтірілген шығын 367,7 мың теңге болады", - деді Павлодар облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкері.
Ведомство өкілі бұл соманың толық өтелгенін атап өтті. Басқа мектепке дейінгі мекемеден аудиторлар есепшінің жарты күн жұмыс істейтін қызметкерге он ай бойы толық жұмыс күні үшін жалақы төлегенін анықтаған.
"Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша осы балабақшаларда анықталған құқықбұзушылықтарды жою және келтірілген залалды өтеу, сондай-ақ, мұндайға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым шығарылды", - деді департамент өкілі.
Тексеріс материалдары шешім қабылдау үшін Павлодар облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жіберілген.
Ж. Қадыржанова