Панорома түсіруге арналған камера

Панорома түсіруге арналған камера

Кейбіреулер өзін биіктен суретке түсіруді ұнататыны бар. Алайда ол үшін сізді фотограф биік ғимаратта тұрып қана өз объективіне ала алады. Бірақ ол үнемі сәтті шығады деп айта алмаймыз. Сондай-ақ оның өзіндік қиындықтары да бар. Мысалы, ол үшін үнемі биік мұнара немесе ғимарат болуы тиіс. Ал егер олар болмаса, арнайы қызмет түрін қосып тұрып, фотоаппаратты (немесе бейнекамераны) әуеге лақтырып қана суретке түсіруге тура келеді. Дегенмен оның да өзіндік тәуекелі бар екені түсінікті.

Осы кезде бізге жаңа заманғы технология, шар тәрізді Panono камерасы көмекке келеді.

1

Panono камерасы 360 градуста әуеде тұрып-ақ айналадағы объектілерді панорамалық суретке түсіре алады. Ол үшін бар болғаны аппаратты әуеге лақтырып, кейін дайын суретке толы камераны оп-оңай қолыңызбен ұстап немесе жерге түсіріп алсаңыз болғаны. 

Сонымен бұл сиқырға толы өнім қалай жұмыс жасайды? Panono – диаметрі 11 сантиметрді құрайтын, салмағы 300 грамм сфера тәріздес камера. Шардың ішінде жоғары сапалы суретке түсіруге арналған 36 камера орналастырылған. Құрылғы ішіндегі әр камера бір мезгілде суретке түсіріп, кейін олар 72 мегапиксельді, 360 градустық панорамаға айналып шыға келеді.

Бір қызығы, Panono қашан суретке түсіруге болатындығын акселерометр көмегімен анықтайды. Жаппай суретке түсіру лақтырылған шар әуеде қалықтап тұрған мезетте басталады. Ал құрылғы жерге өзінің жұмсақ пластикалық корпусы арқасында жеңіл, ешқандай зақымсыз қона алады.

Құрастырушы мамандар айтқандай, Panono камерасы болашақта дүкен сөрелерінен 499 долларға сатылатын болады. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: indiegogo.com

Б. Қосмағамбет