Өзбек-қырғыз шекарасында жерасты жолы табылды

Өзбек-қырғыз шекарасында жасырын жерасты жолы табылды, - деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарна мәліметінше, екі өзбек және алты қырғыз азаматынан құралған трансшекаралық ҰҚТ-ны 1974 жылғы Қырғызстан тумасы басқарған. Олар Қырғызстанға апаратын жерасты тоннельдерін қазып, сол арқылы шетел валютасы мен тауарлық-материалдық заттарды заңсыз алып өтуді ұйымдастырған.

Ұзындығы 150 метр болатын бірінші тоннель Андижан облысы Қорғантепін ауданының 32 жастағы тұрғынының үйінен табылды. Содан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тағы бір үйді қарап, онда да Қырғызстанға апаратын тоннельді анықтаған. Оның тереңдігі - 10-12 м, ұзындығы - 420 м.

Тергеу кезінде тағы бір жерасты жолы табылды. Қарасу қаласының тұрғыны Қырғызстан азаматтарымен сөз байласып, өзбек-қырғыз мемлекеттік шекарасын бөліп тұрған "Шахрихансай" каналының астынан тереңдігі шамамен 16 метр, ұзындығы 70 метр болатын өткел қазған. Оған электр жарығын тартып, оттегін беретін жабдықтар да орнатқан.

"Топ мүшелері құқық қорғау органдарының назарына ілікпес үшін байланыс құралдарын қолданған. Ірі көлемдегі валютаны еліміздің аумағына әкеліп, одан кейін жер асты туннелі арқылы Қырғызстанға алып кетіп жүрген. Тергеу амалдары кезінде олардың әрекеттері айғақ заттармен дәлелденді, - дейді мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілі Мақлиё Валиқулова.