Microsoft, Apple, Facebook, Twitter, Dropbox, WhatsApp сынды компаниялардың негізін қалаушылар да бастапқыда серверлерді тонаумен айналысқан. Сосын онлайн платформалар мен қызмет үлгілерін құрастырып, миллиардтаған қаржыға кенеледі.
Билл Гейтс
Байлығы: $76 млрд
«Әлемдегі ең бай адам» атанбас бұрын, Билл Гейтстің бар құлшынысы 1960-жылдары нарыққа шыққан қымбат компьютерлердің құрылымын үйрену болған. Қызығушылығы мол Гейтс Сиэтл тұтынушыларының есепшоты туралы мәлімет алу үшін Computer Center Corporation (C-Cubed) фирмасы директорының құпия сөзін бұзады. Мектеп оқушылары өзге біреулердің есепшоттарын пайдаланып, фирманың компьютерлерін қолданбақ болған. Дегенмен жас мөлшеріне орай Пол мен Билл кеңсеге кіре алмай, ойлаған ісі жүзеге аспай қалған екен. Осы сынды Гейтспен бірге жасаған заңсыз әрекеттерін Пол Аллен (Microsoft корпорациясының негізін салушылардың бірі) үнемі есіне алып отырады екен.
Марк Цукерберг
Байлығы: $34,9 млрд
Әлемдегі ең үлкен әлеуметтік желіні құрған адам бүгінде The Hacker Way терминін жиі қолданады. Әсіресе Марк Цукерберг өз командасын мақсатқа бағыттау үшін осы терминді айтады екен. Себебі хакер – тәуелсіз, ал бағдарламашы белгілі бір тұлғаға жұмыс істейді. Гарвард университетінде білім алып жүрген кезінде қыздарды сырт-келбетін салыстыратын сайт жасап, әкімшілік жауапқа да тартылған. Одан қалмай, университеттің Crimson басылымы тілшілерінің пошталарын бұзып, қажет ақпаратты өзгерткен. Басты мақсатын алға қойған Марк әлемдегі ең беделді ЖОО-н тәмамдамай, Калифорнияға көшіп кетеді. Көп өтпей Facebook әлеуметтік желісі бүкіл әлемге таныла бастайды. Желінің бүгінгі ауқымы Қытай Халық Республикасының халық санымен тең.
Пол Аллен
Байлығы: $15,9 млрд
Мектеп жасында C-Cubed фирмасының серверін бұзу – Пол Алленнің Билл Гейтспен бірге жасаған жалғыз кибернетикалық заңбұзушылығы емес. Бірде жасөспірімдер TOPS-10 оперативті жүйесінің (1960-жылдары) бағдарламалық кодының көшірмесін кездейсоқ тауып алады. Кодтардың орналасу тәртібін мұқият зерттеп, жаңа бағдарламалар жасауға үйренеді. Сол көшірме қағаз бүгінгі Microsoft корпорациясының құрылуына тікелей негіз болған екен.
Ян Кум
Байлығы: $6,8 млрд
Facebook компаниясына WhatsApp мессенджерін сатып жіберген Ян Кум 19 миллард АҚШ долларын иемденіп, Forbes рейтингінен бір-ақ шыққан. Ол өткен ғасырдың 90-жылдары өзінің бөлмесінде отырып, компьютерлердің корпоративті желілерін бұзумен айналысқан. Ол кездері желілер ешқандай қауіпсіздікпен қамтамасыз етілмеген еді. Өзге де IT-миллиардерлер секілді Ян Кум да кейіннен кибершабуыл жасауды доғарады.
Ян Кум кибершабуылға қызығушылығы дизайнмен айналысатын Silicon Graphics компаниясының желісіне кіруден басталғанын айтады. Жас кезінен өзі секілді жастармен араласып, аты аңызға айналған w00w00 хакерлер тобының мүшесі атанады. Ол топпен бірге сервердегі құпия файлдарды заңсыз көшіріп алатын Nmap бағдарламасын жасайды. Хакерлер тобында Napster музыкалық қызметін бағдарламалаған Шон Фэннинг пен Шон Паркерлер де болған.
Украинада туған Ян Кум өзінің хакерлік тәжірибесінде көбіне корпоративті желілердің өшірілген файлдарын бұзумен айналысқан. Себебі серверден өшірілген құжаттарда қызық мәліметтер болатынын жақсы білген.