Сонау жылдардың ширегінде жазу машинкасынсыз бірде-бір жұмыс орталығын елестету мүмкін емес болатын. Тықылдап түскен әр әріптен шабыт алатын ақын-жазушыдан бастап, жай қарапайым жұмысшыларға дейін күні-түні аталған құрылғыға тыныштық бермеуші еді... Содан бермен "пенсияға" шыққан машинкалар мұражайлардан қылт ете қалатыны болмаса, өмірімізге жиі сұғына бермейтін. Енді міне, өткен күннің ең әдемі естеліктерін қағазға да түсірген, санада да сақтап қалған машинкалар қайта ортамызға келіп отыр.
"Кешегі жақсылық алдан қауышар" дегендей, Остинг Янг есімді дизайнер iPad-тың машинкалы түрін ойлап тауып отыр. Жаңа құрылғының атауы - «iTypewriter».
Естеріңізге салсақ, ең бірінші жазу машинкасының үлгі жобасын XVI ғасырда итальндық ғалым Ронно Цетто жасап шығарған.
Күнделікті өмірге көз жүгірте кететін болсақ, компьютерді қосқаннан бастап өшіргенге дейінгі аралықта адамның ой ұшпағында жалғыз қалуы мүмкін емес. Келіп жатқан жауапсыз хаттарды айтпағанның өзінде сананы улап, сан қиялға шомылдыратын батыстың жарнамалары бас алдырмайды. Содан да болар, қазіргі күннің өзінде жазу машинкаларын қолданатын адамдардың қатары сирек болса да, бар болып шықты.
Ұмытпай тұрғанда айта кетейік, алда-жалда «iTypewriter» машинкасын сатып алып немесе қолыңызға келіп түсіп жатса, батырмасын жай басуыңызды сұраймыз. Себебі, аталған құрылғының басу тетіктері жұмсақтау. Әрі ұқыпты қарауыңызды сұрайды. Өзіңіз де білесіз, қазіргінің машинкасы мен адамына дейін шаң атаулыны тіптен жақтырмайды.
Бүгінгі таңда «iTypewriter» жазу машинкасы тұжырымдамалық үлгі (концептуальная модель) болып табылады. Әзірше ғана...
сурет:drive2.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт